Венесуэла өзінің әуе кеңістігінде егемендігін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэла өзінің әуе кеңістігі мен аумағын толық бақылауда ұстайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Иван Гил Пинто мәлімдеді, деп хабарлады ТАСС.
— Венесуэла өзінің әуе кеңістігінде тәуелсіз. Ешбір күш Венесуэла халқы мен үкіметін егемендіктен айыра алмайды, бұл халықаралық құқықпен кепілдендірілген, — деді министр.
Ол президент Николас Мадуроның Венесуэла әуе кеңістігіне АҚШ-тан 304 мигрант мінген Eastern Airlines ұшағының кіруіне рұқсат бергенін хабарлады.
— АҚШ, Венесуэла, Колумбия және Панаманың әуе компаниялары әдеттегідей, республиканың әуе кеңістігі арқылы ұшуын жалғастырып жатыр, — деп атап өтті ол.
Үкіметтің «Туған жерге оралу» бағдарламасы аясында АҚШ пен Мексикадан оралмандар Каракасқа жеткізілді. Биыл 94 рейспен барлығы 18 374 мигрант Венесуэлаға оралды.
Айта кетейік, қараша айының соңында Трамп Венесуэла үстінен әуе кеңістігін жабатынын жариялаған болатын.