Венесуэлаға қарсы әскери операцияға 150 бомбалаушы, жойғыш және барлау ұшағы қатысқан
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қарулы күштері Бас штабының басшысы Дэн Кейн Венесуэланың астанасы Каракасқа жасалған шабуыл және ел президенті Николас Мадуроны ұстау операциясының егжей-тегжейін айтты, деп хабарлайды Анадолы.
Флоридада өткен баспасөз мәслихатында Кейн «Соңғы шешім» деп аталған операцияны жоспарлау мен дайындау бірнеше айға созылғанын және оған Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (ҰҚА) қолдау көрсеткенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, АҚШ желтоқсан айының басынан бері бейбіт тұрғындар арасындағы шығынды азайтып, тосыннан соққы жасау факторын барынша пайдалану үшін қолайлы күнді күткен. Ауа райы жақсарған соң, президент Дональд Трамп жергілікті уақытпен сағат 22:46–да операцияны бастау туралы бұйрық берген.
Кейн түн ішінде Батыс жарты шардағы құрлықтағы және теңіздегі 20 түрлі базадан ұшақтар көтерілгенін айтты. Жалпы алғанда, операцияға 150 бомбалаушы, жойғыш және барлау ұшағы қатысқан.
Оның сөзінше, ұшу құрамындағы ең жас әскери қызметкер 20 жаста, ал ең үлкені 49 жаста болған. Тікұшақтар су деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте ұшқан.
Операция барысында F-22, F-35 және B-1 үлгісіндегі ұшақтар, сондай-ақ көп мөлшерде дрондар пайдаланылған. Венесуэла аумағына жақындаған кезде елдің әуе қорғаныс жүйелері істен шыға бастаған. Ұшу кезінде операцияға АҚШ-тың Ғарыш қолбасшылығы мен Киберқолбасшылығы да қолдау көрсеткен.
Жергілікті уақытпен сағат 02:01–де Каракаста Мадуро кешені тосыннан басып алынған. Кейннің айтуынша, мақсатқа жеткен кезде тікұшақтарға оқ атылған, ал олар заңды өзін-өзі қорғау мақсатында жауап қайтарған. АҚШ-тың бір ұшағы зақымданғанымен, ұшуын жалғастыра алған.
Генерал операция барысында барлау бөлімшелері құрлықтағы әскерге нақты уақыт режимінде ақпарат беріп отырғанын атап өтті. Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес беріліп, АҚШ Әділет министрлігі тарапынан қамауға алынған.
Кейн АҚШ тарапы бұл операция кезінде адам шығынына ұшырамағанын растады. Мадуро мен оның жұбайы ұсталғаннан кейін америкалық әскер Венесуэла аумағынан шығарыла бастаған.
Эвакуация кезінде жойғыш ұшақтар мен дрондар әуеден және атыстық қолдау көрсеткен. Оның айтуынша, барлық ұшақ базаларына аман-есен оралған.
Еске сала кетсек, АҚШ Венесуэлаға және оның көшбасшысы, президент Николас Мадуроға қарсы ауқымды операцияны сәтті жүргізді. Нәтижесінде Мадуро жұбайымен бірге ұсталып, елден эвакуацияланды.
Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флореске наркотерроризмге қатысты, атап айтқанда кокаин әкелу, пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау, АҚШ-қа қарсы пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды иемдену үшін сөз байласу айыптары тағылды.
Венесуэла вице-президенті Делси Родригес АҚШ-тан Николас Мадуроны дереу босатуды талап етіп, «Венесуэла ешбір елдің отары болмайды» деп жария етті.
Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер өз елінің АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операцияға ешқандай қатысы жоқ екенін, оған араласпағанын мәлімдеді.
Әскери операциядан соң Дональд Трамп АҚШ Венесуэланы басқаратынын айтты.
Қазіргі таңда Мадуро мен оның жұбайы арнайы ұшақпен Нью-Йорк штатына жеткізіліп, уақытша тергеу изоляторына қамалды.
Өкінішке қарай АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған шабуылы салдарынан кемінде 40 адам қаза тапты.
Бұдан бөлек, Колумбиядағы венесуэлалық мигранттар қуаныштан Богатада мерекелік шеруге шықты.
Дегенмен бірнеше елдің билігі АҚШ-тың Латын Америкасы еліне жасалған көлемді шабуылынан кейін Венесуэладағы жағдайға қатысты алаңдаушылығын білдірді.
Бүгін Жоғарғы соттың шешіміне сәйкес, Делси Родригес президенттің міндетін уақытша атқаратыны анықталды.