Венесуэланың Жоғарғы соты президенттік сайлау нәтижесін техникалық қадағалауды аяқтады

КАРАКАС. KAZINFORM – Венесуэланың Жоғарғы соты 28 шілдедегі президенттік сайлауға қатысты барлық сайлау материалын техникалық қадағалау процедурасын аяқтады. Бұл туралы бейсенбі күні сот төрағасы Карислия Родригес мәлімдеді, деп хабарлады Синьхуа. 

Венесуэланың Жоғарғы соты президенттік сайлау нәтижесін техникалық қадағалауды аяқтады
Фото: Синьхуа агенттігі

Оның айтуынша, материалды Ұлттық сайлау кеңесі, сондай-ақ сайлауға қатысқан саяси топтар мен бұрынғы кандидаттар жазып алған.

– Аудитті сарапшылар жоғары ғылыми-техникалық, ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізеді және аяқталғаннан кейін объективті, тексерілген және расталған фактілерге негізделген сайлау нәтижелері туралы түпкілікті шешім қабылданады, – деді Родригес.

Сайлаудың жеңімпазы деп танылған Венесуэла президенті Николас Мадуро оппозиция нәтижелерді даулаған соң соттан аудит тағайындауды сұрады.

Айта кетейік, Бразилия, Колумбия және Мексиканың солшыл күштерінің одақтастары 8 тамызда Венесуэланың Ұлттық сайлау кеңесін (CNE) елдегі президенттік сайлаудың барлық дауыс беру деректерін жариялауға шақырған.

АҚШ пен ЕО Мадуроны жеңімпаз ретінде мойындамады.

Германия, Франция, Италия, Испания, Польша, Нидерланд және Португалия 4 тамызда «президенттік сайлаудан кейінгі Венесуэладағы жағдайға қатты алаңдаушылық білдірді» және Оңтүстік Америка елінің үкіметін келіспеушіліктерге байланысты сайлаушылар тізімін жариялауға шақырды.

АҚШ пен ЕО оппозициялық кандидат Эдмундо Гонсалес Уррутияны сайлаудың жеңімпазы деп танып, бюллетеньдерді өңдеуде «қателіктер» жіберілгенін айтты.

Соңғы жаңалықтар