Вице-министр Абай облысында ауруханада жатқан өрт сөндірушілердің көңілін сұрады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков Абай облысында ауруханада жатқан өрт сөндірушілерге барып, жағдайларымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министр Абай облысында ауруханада жатқан өрт сөндірушілердің көңілін сұрады

Абай облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков Жарма ауданындағы дала өртімен күрес барысында күйіп қалған өрт сөндірушілерге арнайы барған.

- Вице-министр мен облыстық ТЖД бастығы Манарбек Шапағатов бірінші Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасында жатқан Амангелді Тұрлыбековтың жағдайымен танысты. Қызметіне адалдық танытқан өрт сөндірушіге ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды, - делінген ақпаратта.

Содан кейін олар Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына барып, денесін әр түрлі дәрежеде күйік шалған 22-өрт сөндіру бекетінің құтқарушысы Нұрлан Сәлімжанның жағдайын біліп қайтты.

Оған «Ерлігі үшін» медалі берілді. Қазіргі уақытта екеуі де дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында жалын шарпыған аумақ 5000 гектарға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Абай облысының Жарма ауданында 3 өрт сөндірушіні күйік шалып, оның бірі көз жұмған еді.

Өрт сөндірушілердің бірінің жағдайы ауыр болатын.

Өңірдегі дала өрттері 9 қыркүйек күні таңертең оқшауланып, сол күні толықтай сөндірілген.