Вице-министр «Қазақстан халқы» картасының артықшылығын айтты
Вице-министрдің айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан халқы» интерактивті картасын ғылыми негізде құрастыру бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы әрі уақтылы орындау үшін ҚХА бірлескен жұмыс тобын құрған. Сондай-ақ, тарих, география, ақпараттық және есептеу технологиялары салаларының ғалымдары картаны құрастыруға қол ұшын созған.
«Қазіргі уақытта тапсырманы үш ғылыми-зерттеу институты жүзеге асыруда, олар - Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, География институты мен Ақпараттық және есептеу технологиялары институты. Жобадағы қоғамдық-мәдени бағыттылықтың жарқын көрініс табуы оның танымдық құндылығын арттыра түседі. Бұл жұмысқа кірісерде әлемдік тәжірибелерді зерттедік», - деді Асхат Аймағамбетов.
«Қазақстан халқы» зияткерлік ғылыми картасында ел халқының этникалық тарихы, салт-дәстүрлері, қоныстану үрдістері көрсетіледі. Жоба заманауи Веб-ГИС технологияларына негізделген.
Сонымен бірге, вице-министр «Қазақстан халқы» картасының әлемнің кез келген нүктесінде, кез келген қолдану интерфейсінде, мобильді, стационарлық құрылғыларда қолжетімді болатынын атап өтті. Одан бөлек, мұндай халық қарталары АҚШ пен Ресейде, Еуропа елдерінде бар.