Вице-министр: Мектеп түлектері кәсіби диагностикадан өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мектептерінің түлектері колледжге түсу кезінде кәсіби диагностикадан өте алады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылдау мен оқыту Ұлттық тестілеу орталығы арқылы іске асырылады. Осы орайда абитуренттер білімі туралы құжатта міндетті әрі бейінді пәндер бағасы бойынша бөлінеді. Бірінші кезеңде мамандық таңдағанға дейін әрбір мектеп түлегі Ұлттық тестілеу орталығы кезеңінде кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігін алады. Осыдан кейін тиісті мамандықты алуға қатысты кеңес біріледі», - деді вице-министр Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен орналастырудың жаңа ережесі әзірленді.
Сонымен қатар жегілікті атқарушы органдармен бірлесе сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен жастарды 100 пайыз қамтуға кезең-кезеңмен өту жоспарланған.