Владимир Божко ақтөбеліктерге Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндірді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары ақтөбеліктермен кездесу өткізіп жатыр. Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко Әйтеке би және Ырғыз аударының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Владимир Божко ақтөбеліктерге Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндірді

Ақтөбеге жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко келді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев халықпен кездесуге келген В.Божкомен бірге Ырғыз және Әйтеке би аудандарына барды. Халықпен кездесу кезінде Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы түсіндірілді.

«Өткен жылы Ақтөбеде 790 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 850 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясындағы құрылыс белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында студенттерге арналған жатақханалардың құрылысы жүргізіледі. Бизнесті дамытуға қатысты айтар болсақ, бүгінде облыс тұрғындарының 32 пайызы кәсіппен айналысады. Әлеуметтік міндеттерге тоқталсақ, халықтың 88 пайызы газбен қамтамасыз етілді. Өткен жылы облыс экономикасының 5 пайыздық өсімі тіркелді», - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Ал Владимир Божко ел ішінде атқарылып жатқан істерге тоқталып, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын айтып берді.

«Бірінші бастама аясында қазақстандықтар пәтер құнының 20 пайызын жинап, 7 пайыздық үстеме ақымен несие рәсімдей алады. Несие 25 жылға беріледі. Ірі қалаларда несие сомасы 20-25 миллион теңгеге дейін, облыстарда 13-16 миллион теңге болады. Ал ауылдық жерлерде 7-8 миллион теңгені құрайды. Ал салықтық жүктемені азайту жөніндегі әлеуметтік бастама 6,4 миллион қазақстандыққа әсер етеді. Жергілікті бюджеттерге бұл әсер етпейді, өйткені алынбаған түсімдер республикалық бюджеттен компенсацияланады», - деп атап өтті В.Божко. Ол ұстаз беделін көтеріп, білім гранттарының санын арттыру мен студенттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз етудің тиімділігін айтты.

«Келесі оқу жылы қосымша 20 мың білім гранты бөлінеді. Оның 16 мыңы бакалаврларға, соның ішінде 11 мыңы техникалық оқу орындарына, 2 мыңы ауыл шаруашылық мамандықтарға бөлінеді. Сонымен бірге 75 мың студенттің тұруы үшін 150 жатақхана салынады деп жоспарланып отыр», - деді В.Божко.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесулер Әйтеке би ауданының Қарабұтақ және Комсомол ауылдарында өтті. Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында Ырғыз ауылындағы 300 орындық мектеп-интернаттың құрылыс барысымен танысты. Кейін ТЖД-ның арнайы техникаларын қарап шығып, Комсомол ауылындағы су тасқынының алдын алуға арналған жұмыстарды бағамдады.