Волейбол: әлем чемпионатына алғаш қатысқан жастар құрамасы 14-орынға тұрақтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ХХІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы соңғы кездесуін өткізді.

Сергей Трикоз жаттықтыратын қазақстандық жастар 13-орын үшін матчта Мысыр командасымен сынға түсті.
Алғашқы екі партияда мысырлықтар басымдылық танытты — 25:22, 25:19.
Үшінші сетте де олар 13:7 есебімен алға кетті. Дегенмен қазақстандықтар таразы басын теңестіре білді. Әйтсе де тартысты сет соңында сәттілік қарсылас жағында болды — 30:28.
Қорытынды есеп — 3:0, Мысырдың пайдасында.
Осылайша, әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан Қазақстан жастар құрамасы 14-орынға табан тіреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан әлем чемпионатында Қазақстан жастары Аргентинадан айласын асырғанын жазған едік.