Волейбол: Қазақстан қыздары Олимпиадаға іріктеу кезеңінде екінші жеңісіне жетті
Қазақстандық волейболшылар бүгін үш сетте де басым ойнады. Нәтижесінде бірінші сетте қарсыласын 25:22 есебімен жеңсе, одан кейін 25:23, 25:18 есебімен жеңіп кетті. Жалпы ойында Индонезияны 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстан В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Оңтүстік Корея, Иран және Индонезия. Енді қазақстандық волейболшылар 9 қаңтарда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады. Бұдан бұрын қазақстандық құрама Иранды 3:0 есебімен жеңген болатын. Бүгін аталмыш топтағы Оңтүстік Корея мен Иран құрамалары кездеседі.
Ал 11 қаңтарда жартылай финал өтсе, 12 қаңтарда финал болады. Жеңімпаз құрама Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алады. Дүбірлі додада әлемнің әр қиырынан келген 12 құрам бақ сынайды.
Қазақстан қыздары 2008 жылы Олимпиада ойындарына қатысып, онда жалпы командалық есепте тоғызыншы орын алған болатын.