Волейбол: «Жетісу» ерлер командасы Қазақстан кубогын жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ерлер арасында волейболдан Қазақстан кубогының ойындары мәресіне жетті.
Финалда Марат Адрышев жаттықтыратын «Жетісу» (Талдықорған) мен «Атырау» клубы (бас бапкері Игорь Никольченко) кубокты сарапқа салды.
Атыраулықтар матчты қарқынды бастады – 25:17. Алайда бұдан кейін талдықорғандықтар ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді – 25:18, 25:23, 25:22.
Қорытынды есеп – 3:1. Осылайша, биыл «Жетісу» Қазақстан кубогының иегері атанды.
Өткен жылы финалда Сергей Трикоз жаттықтыратын «Ақтөбе» мен Оралдың «Жайығы» (бас бапкері Виктор Козик) кездескен еді. Онда ақтөбеліктер кубокты жеңіп алған болатын. Бұл жолы қос команда қола жүлдеге таласты. Онда оралдықтар 3:0 есебімен жеңіске жетіп, үшінші орынға ие болды.
Жеңімпаз-жүлдегер клубтарға кубок пен медаль табыс етілді. Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша Борис Кемпа («Жайық»), Никита Швалев («Жетісу») және Дмитрий Козлов («Атырау») үздік ойыншы атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан кубогының финалына шыққан командалар белгілі болғанын жазған едік.