Волейболдан ӘЧ: Қазақстан жастары Аргентинадан айласын асырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ХХІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті матчын өткізді.

волейбол
Фото: instagram.com/insvolleykz

Бұл жолы Сергей Трикоз жаттықтыратын жастар Аргентина командасымен сынға түсті.

Кеше қазақстандықтар 9-16 орындар үшін матчта 2:3 есебімен Болгарияға есе жіберсе, Аргентина дәл сондай тартысты бәсекеде Жапониядан ұтылып қалған еді (2:3). 

Қос команданың арасындағы бүгінгі ойын да сондай тартысқа толы болды. Әп дегенде Аргентина алға шықты — 28:26. Қазақстан таразы басын теңестірді — 25:21. Аргентиналықтар қайтадан алға кетті — 25:18. Қазақстандықтар төртінші партияда 26:24 есебімен есе қайырып, соңғы, шешуші сетте жеңісті жұлып алды — 15:13.

Қорытынды есеп — 3:2, Қазақстанның пайдасында. Қазақстандықтар енді 13-орын үшін таласады.

Биыл өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақстандық жастар үшінші жеңісіне қол жеткізді. Бұдан бұрын топтық бәсекеде Қазақстан командасы Пуэрто-Рико мен Оңтүстік Кореяны ұтқан еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасының аса тартысты матчта Болгарияға есе жібергенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар