Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Павлодар» «Жайықты» екінші рет ұтты

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында өтіп жатқан волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші турында жергілікті «Жайық» «Павлодармен» кездесті.

волейбол
Фото: Pexels

Осыған дейін оралдықтар (бас бапкері Виктор Козик) Игорь Никольченко жаттықтыратын ел чемпионы «Павлодарға» 1:3 есебімен жол берген еді.

Бұл ойын екінші турдан кейінге қалдырылып, Оралда өткен болатын.

Бүгін екінші матч та тартысты өтіп, павлодарлықтар 3:1 (22:25, 26:24, 25:20, 29:27) есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, ұпай санын 44-ке жеткізген «Павлодар» клубы турнир кестесінде екінші орындағы «Жайық» пен «Тараздан» (бұл екі командада 30 ұпайдан бар) едәуір ұзап кетті.

«Атырауды» 3:1 (25:23, 26:28, 25:16, 25:23) есебімен тізе бүктірген «Есілдің» (СҚО) еншісінде 27 ұпай бар.

«Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (26:24, 25:21, 25:23) есебімен ұтқан «Буревестник» (Алматы) 24 ұпаймен бесінші орында келеді.

«Жетісу жастарын» 3:1 (23:25, 25:21, 26:24, 25:18) есебімен сүріндірген «Ақтөбе» алтыншы сатыда тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Есілдің» көш соңындағы командаға есе жібергенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар