Волейболдан Ұлттар кубогында Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін алаңға шығады
АСТАНА. KAZINFORM – Вьетнам астанасы Ханой қаласында волейболдан әйелдер құрамалары арасында өтіп жатқан AVC Ұлттар кубогында Қазақстан жартылай финалда алаң иелерімен шеберлік байқасты.

Өткен жылы осы жарыстың финалында қазақстандықтарды тізе бүктірген Вьетнам чемпион болған еді.
Бұл жолы жартылай финалда алғашқы партияда вьетнамдықтар 25:15 есебімен басым түсті. Екіншісінде Ришат Гилязутдиновтің шәкірттері есе қайырды – 25:17. Бірақ одан әріге шамасы жетпеді – 7:25, 16:25. Вьетнам қорытынды есепті 3:1-ге жеткізіп, табандылық танытты.
Осылайша алаң иелері финалға жолдама алса, қазақстандықтар қола жүлде үшін таласады. Қазақстан құрамасының қарсыласы Қытайлық Тайбэй мен Филиппин ойынынан кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Ұлттар кубогында Қазақстан жартылай финалда Вьетнаммен ойнайтынын жазған болатынбыз.