World Boxing: Төрехан Сабырхан бокстан әлем чемпионатында екінші жеңісіне жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін, 8 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан Төрехан Сабырхан (70 келі) ¼ финалға шықты.

Төрехан Сабырхан
Фото: ҰОК

Отандасымыз 1/8 финалда нидерландтық Финн Роберт Боспен шаршы алаңға шықты. Жекпе-жек аса тартысты өтті. Бірінші раундта нидерландтық боксшы жеңсе, одан кейін Төрехан басымдығын көрсетті. Шешуші раундта екі боксшы да белсенділік танытты. Қорытынды нәтижеде төрешілер Төреханның жеңісіне қолдау білдірді.

Төрехан Сабырхан 2006 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін ол жастар арасында әлем чемпионы (2024), жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы болған.

Сондай-ақ 2025 жылғы Странджа кубогының жеңімпазы атанды.

Төрехан әлем чемпионатында бұдан бұрын алжирлік Эсуф Яичені қапы қалдырды

Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Гүлсая Ержан (80 келі) 1/8 финалда литвалық Ивета Лесинскитені жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Енді ел құрамасынан бүгін Бейбарыс Жексен (60 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Аида Әбікеева (65 келі) шаршы алаңға шығады.

Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өткізіледі. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.

Соңғы жаңалықтар