Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өз мақсатын орындап отырған жоқ - Қазақстан Президенті

АСТАНА-ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтон қаласында, Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен кездесу кезінде қазіргі заманғы халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
None
None

«Адамзат ХХI ғасырға бейбітшілік пен жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Өкінішке қарай, барынша қауіпсіз және тұрақты әлем қалыптастыру мүмкіндігін жіберіп алды. Әлемге тағы қауіп төніп тұр, оны елемеуге болмайды. Бұл қатер - жаһандық ауқымдағы жойқын соғыс», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті 1968 жылы қол қойылған Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өз мақсатын орындап отырмағанын, ал жаһандық ойыншылар арасындағы сенім дағдарысы ядролық қару қолдануды болдырмау кепілдігінің әлсіреуіне әкеле жатқанын айтты.

«ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселелерінің бірі ядролық терроризм қатері мен ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы болып отыр. Әлем әлдеқайда қауіпті әрі болжаусыз жаңа ядролық ғасырға қарай жылжып келеді. 60 жылдан астам уақыт бұрын әйгілі ғалымдар А.Эйнштейн мен Б.Рассел манифест жариялап, «Адам ұрпағы жойыла ма әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген маңызды сауал қойды. Соғысты жою адамзат өркениетінің ең күрделі міндеті болып отыр. Бірақ одан басқа жол жоқ, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұл мақсатқа жету үшін әлем дамуының парадигмасында сапалы да терең өзгерістер жасау, әлемнің барлық көшбасшыларының саяси ерік-жігері мен барлық мемлекеттің күшін жұмылдыру қажеттігіне сенімді екенін айтты. Қазақстан Президенті осы міндеттерді шешу жолында еліміз қабылдап жатқан шараларды атап өтті. Олардың қатарында Жаһандық стратегиялық бастама - 2045 Жоспарын әзірлеу бастамасы, халықаралық құқық қағидаттарын қуаттауға және сенімді қалпына келтіруге бағытталған БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыру жөніндегі ұсыныс, БҰҰ аясында халықаралық терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жаһандық желісін құру, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина лидерлерінің Минск кездесуін, сондай-ақ «норманд төрттігі» келіссөздерін ұйымдастыруға ықпал ету шаралары бар. 

Соңғы жаңалықтар