Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит: Қазақстанның бейбіт бастамалары өзге елдерге үлгі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем елдерінің көшбасшылары атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану, жаһанға төнген террорлық әрекеттерге бірігіп төтеп беру мақсаттарын талқылауға Вашинтонға жиналды, деп хабарлады 24.kz.

Айта кетейік, Қазақстан - АҚШ астанасындағы Саммитке қатысатын Орталық Азия елдері арасындағы жалғыз ел. Жер жаһан экономикалық дағдарыстан бұрын, қауіпсіздік дағдарысын бастан кешіп жатыр.

Оған Украинадағы кикілжіңдер, Таяу Шығыстағы шиеленістер дәлел. Оның үстіне лаңкестерден төніп тұрған қауіп те қобалжытады. Вашингтондағы Саммитте айтылатын әңгіменің өзегі осы болады.

АҚШ астанасы бірнеше күнге әлемдік көшбасшылардың бейресми кездесіп, түйіткілді мәселелерді талқылауға мүмкіндік тудыратын диалог алаңына айналмақ. Басты тақырыптардың бірі - лаңкестердің қолына жаппай қырып-жою қаруының өтіп кетпеуін қадағалау.

Бұл Атом өнеркәсібі жөніндегі жиында талқыланды. Оған 350-ден астам шет мемлекеттердің сарапшылары қатысып, ядролық материалдарды тасымалдау, сақтау әрі пайдалану жөнінде пікір алмасты, ұсыныстарын айтысты.

- Қазіргі кезде атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану көзделуде. Жаһандық Саммит осы процестердің іске асуын реттеуге арналады. Уранды жоғары дәрежеде байыту, атом электр стансаларын салу секілді бастамалар талқыланады. Жиынның негізгі бөлігі ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналатыны белгілі. Сондықтан, террорлық актілер өршіп тұрған кезеңде теріс пиғылдылардың қолына жаппай қырып-жою қаруының өтіп кетпеуін қадағалау маңызды. Қауіпсіздік саммитіне жиналғандардың діттеген мақсаттарының бірі осы болмақ, - деді атом өнеркәсібі және энергетика саласының сарапшысы Эндрю Семмел.

Әлем елдері қауіпсіздік саласындағы ең негізгі құжат Ядролық материалдарды қорғау туралы конвенцияны ратификациялауға асығар емес. Алыптар қарудан бас тартқысы келетін елдерге әлі күнге дейін лайықты кепілдік ұсына алмай отыр. Ал Қазақстан кепілдіксіз, төртінші ядролық арсеналдан осыдан 20 жыл бұрын бас тартқаны белгілі. Біздің ел келешекте МАГАТЭ-нің уран қоймасына айналады. Бұл ұйыммен елімізде халықаралық отын банкін орналастыру жөніндегі келіссөздер де жалғасуда. Бұдан бөлек, елде атом стансалары салынады. Қазақстанның бұл бейбіт ядролық бастамалары өзге елдерге үлгі болмақ.

- Саммитте бүкіл әлемдік қауымдастық ядролық қарусыздану бойынша мәселелерді талқылайтыны белгілі. Мемлекет басшылары мен аталған индустрия көшбасшыларының әзірлеп келген баяндамаларының негізі де осы бағытта болмақ. Президент Н.Назарбаевқа Саммиттің ашылуында алғысөз сөйлеу құрметі беріледі деп күтілуде. Бұл әлемдік қауымдастықтың сіздердің идеяларызға, бастамаларыңызға көрсеткен қошеметі болмақ, - деді аса қауіпті жүктер тасымалдау компаниясының директоры Джек Эдлоу.

Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіндегі маңыздылығы соншалық, оған тіпті баға берудің өзі қиын. Себебі, уақыттың өзі Қазақстан ұстанымының дұрыстығын әлі де дәлелдеп келеді. Осыдан болар, кезекті төртінші Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройы асқақ болмақ.

- Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ядролық қарусыздандыру саласындағы көшбасшы ретінде танимын. Қазақстан - осы зұлматтың кесірін өз басынан кешіріп, одан уақытылы бас тартып, бейбіт өмір таңдаған ел. Орталық Азиядағы ядролық қауіпсіздік бойынша көшбасшы болып табылады. Кезінде Украина мен Беларусь та қауіпті қарудан бас тартты. Бірақ Қазақстан бұл қарумен күресті әлі жалғастырып келеді, -деді ядролық қауіпті азайту бойынша еріктілер қоры директоры Сэмюель Нанн.

Соңғы жаңалықтар