Ядросыз әлем - азамзат ұмтылуы тиіс ортақ мақсат

Соның қасіретін жер ана мен бейбіт халық ұзақ уақыт тартты әлі де тартып келеді. Жалпы, ядролық қаруға ие мемлекеттердің ешқайсысы да Кеңес Одағының Қазақстан аумағына жасаған зұлматын жасаған емес. Бұл дәлелдеуді қажетсінбейтін ақиқат. Міне тек еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында адамзатқа ажал уын сепкен сол бір зұлмат қару сынағынан азат мемлекетке айналып отырмыз.
Бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі ядролық полигондардың бірін жабу туралы Жарлығы мен әлем бойынша 4-ші орында болған ядролық қару-жарақ қоймасын жою туралы тарихи шешімді қабылдаған Қазақстан халқының әрекеті әлемді ядролық қарудан азат етудің жарқын үлгісі болып саналатындығы сөзсіз. Бұған қоса, Қазақстанның Ұлт көшбасшысы еліміздегі ядролық полигонды жауып қана қоймай, барша жершарын ядролық қарусыз әлем құру ісіне үгіттеп отырған мемлекет қайраткерлерінің бірегейіне айналды. Өйткені, есте болса, 2009 жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күні ретінде жариялау туралы Қазақстанның қарарына бірауыздан қолдау білдірген болатын. Сол сәттен бері бұл атаулы дата, яғни 29 тамыз БҰҰ, әлем елдері, үкіметаралық және ҮЕҰ-дың Ядролық сынақтарды тоқтатуға бірлесе күш салатын күні саналып келеді. Жалпы, соңғы жылдары әлем жұртшылығы Қазақстан бастамаларына жиі құлақ түре бастады. Бұл Қазақстанның жер-жаһанды ядролық қарусыздандыру үдерісіне қосқан үлесін әлем қауымдастығы тарапынан мойындаудың нақты дәлелі болса керек. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан басқа мемлекеттермен бірлесе отырып, ядролық қарусыздандыру және ядролық қару-жарақты таратпау тәртібін күшейту жұмысына барынша атсалысу үстінде.
Сонымен бүгін әлем жұртшылығы Қазақстан халқы бастамашы болған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін 5-ші мәрте атап өтеді. Ал, еліміздің бастамасын БҰҰ сынды халықаралық ұйымның қолдауының сыры неде? Мұны осыдан 4 жыл бұрын елімізге сапарлаған аталған ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун нақты атаған еді. Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу жөнінде мәлімдеуге Қазақстан басшысының саяси және моральдық құқығы бар екендігін айта келе ол: «Себебі, Сіздің халқыңыз және Сіз сондай апаттардың құрбаны болдыңыздар. Өз кезінде Қазақстан соның бәрін еңсере алды. Қазір аталған мәселелер бойынша Сіздер маңызды шешімдер қабылдау позициясында тұрсыздар», - дегені есте.
Расында да ресми деректерге көз жүгіртсек, Семей полигонында 1949-1989 жылдары аралығында 468 мәрте ядролық бомба сынақтан өткiзiлген екен. 1962 жылға дейiнгi сынақтар тек жер бетiнде жүзеге асырылған. Мұның өте қауiптi екенi айтпаса да түсiнiктi жайт. Ал жер астында жасалған сынақтардың саны 350-ге жетіп жығылады. 1953 жылдың 12 тамызында тұңғыш термоядролық құрылғы, 1955 жылы 22 қарашада әлемдегi ең алғашқы сутегi бомбасы да қасиетті Семей топырағында сынақтан өттi. 1953 жылғы 12 тамыздағы термиоядролық бомба жарылысы Семей ядролық полигонының төңірегін тентіретті. Оның қуаты 480 килотоннаға жеткен еді. Жарылыстан кейін пайда болған нарттай жанған радиоактивті газдардың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 шақырым биіктікке көтерілді. Осы жарылыстан кейін радиусы ондаған шақырым болатын жерде дала шөптері бірнеше күн бойы көгілдір сәуле шығарып тұрды. Ал 1955 жылы 22 қарашада ТУ-16А әскери бомбалағышы Семей полигонының үстінен ұшып бара жатып, жаңадан жасалған қуаты 1,7 мегатонна болатын термоядролық РДС-37 зарядын тастады. Бомба 1,5 шақырым биіктікте жарылды. Бұл жарылыстың соққы толқыны мен жер қабатының дірілі бүкіл дерлік Қазақстан аумағы мен Ресейдің көршілес аймақтарында сезілді. Міне, осындай адамзат баласының басына зұлмат зұлымдық пен қасірет әкелетін ядролық қарудың сол аймақты мекен еткен қазақ халқына қандай зардап әкелетіндігі жасырын болған еді. Дегенмен, уақыт өте келе қазақстандық қоғам ядролық қарудың қасіреті жайында біліп, халық арасында сынаққа қарсы алғашқы пікірлер біліне бастады. 1989 жылдың ақпанындағы кезекті жерасты жарылыс еліміздегі антиядролық қозғалыстың пайда болуына түрткі болды. Сонымен бірге Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің бірқатар депутаттары да сынақтарды доғаруды талап етіп, пікір білдіре бастады.
Осы ретте еліміздің Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінің өзінде ядролық сынақтарды тоқтатуға ниет танытқанын ескерген жөн. Мәселен, 1989 жылдың 1 тамызында Елбасымыз Семей облысындағы экологиялық ахуалды бақылау жөніндегі республикалық комиссия құрып, оның құрамына мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен дәрігерлер кірген-ді. Ал сол жылдың мамыр айында КСРО халық депутаттары съезінде сөз алған Н.Назарбаев жалғасын тауып отырған ядролық сынақтарға қатысты өз алаңдаушылығын ашық айтты. Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік заманда жоғарының жасап отырған әрекеттеріне ашық қарсылық білдіру мұндай жоғары лауазымдағы адамдардың бірінің де қолынан келмейтін іс-тін.
Осы сәттен бастап Н.Назарбаев ядролық сынақтар орын алуына қарсы болып, полигонды жабуға қатысты жұмыстарын үнемі жүргізіп отырды. 1989 жылдың қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі КСРО Үкіметі мен Жоғарғы кеңесіне полигондарда ядролық сынақтарды шұғыл арада тоқтату туралы үндеу жолдады. Осыдан кейін КСРО Минитрлер кеңесі 1993 жылдың қаңтарынан Семей полигонында ядролық қару сынақтарын тоқтату туралы қаулы жобасын әзірледі. Алайда, бұл мерзімге дейін бірнеше жарылыс орын алуы қажет болатын. 1990 жылдың мамырында Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің сессиясы КСРО Үкіметінен сынақтарды тез арада тоқтатуды талап ететін қаулы қабылдады. Бұл талапты сол жылдың маусым айында өткен Қазақстан Коммунистік партиясының 17-ші сессиясы да қолдады. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады». Онда Қазақстан аумағында ядролық қаруды дайындауға және оны сынауға шектеу қойылатындығы айтылған. Ал 1991 жылдың жазында Қазақстан Президенті республиканың Жоғарғы кеңесі сессиясында полигонның жабылатындығын және барлық жауапкершілікті өз мойнына алатындығын мәлімдеді. 1991 жылдың 29 тамызында Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа, яғни, Қазақстан халқы үшін тарихи мәні зор құжатқа қол қойды.
Сондықтан да болса керек, осыдан біраз жыл бұрын елімізге сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік антиядролық қозғалысты басқаруы қажет деген ойын білдірген еді. Бірақ, Елбасы Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатуымен ғана емес сонымен бірге еліміздегі ядролық қару-жарақты республика аумағынан шығарудағы ерлігімен де зор халықаралық беделге ие болды. Иә, полигон жабылғанымен республика аумағында қуаты жағынан әлемде 4-ші орындағы мол ядролық арсенал бар болатын. Ал бұл қарудан құтылу жолында Қазақстан ең алдымен 1993 жылы ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. Ал 1994 жылдың желтоқсанында әлемдегі ядролық державалар Қазақстан қауіпсіздііне кепілдік беретін меморандумға қол қойды. Сол жылы еліміздің аумағынан барлық ядролық қару шығарылды. 1995 жылы бұрынғы Семей полигонында соңғы ядролық заряд, ал 2000 жылы ядролық сынақтарға арналған ұңғыма жойылды.
Осылайша Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ядролық қарудан азат елге ұмтылуы әрі оны тыңғылықты орындап шығуы оны әлемдегі ядролық қаруға қарсы нағыз мемлекет қайраткеріне айналдырды. Өйткені, қазақ жеріндегі 1216 ядролық оқтұмсық, 240 қанатты зымыран мен стратегиялық бомбалаушы ұшақтардың әлемде үстемдік еткісі келген қай елді болмасын қызықтыратындығы анық еді. Тіпті, Н.Назарбаевқа бұл қару-жарақты сақтап қалуға ұсыныс жасап, миллиардтаған қаржы ұсынғандардың да болғаны тарихтан белгілі. Осыдан 2 жыл бұрын елорда төрінде өткен «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты «Бірінші Назарбаев оқулары» халықаралық форумы барысында сөз сөйлеген сол кездегі ҚР БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев: «1992 жылдың басында Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан Президентінің атына Ливия революциясының көсемі Муаммар Каддафиден хат келді, онда еліміздің аумағында оның жазуынша, «алғашқы мұсылмандық атом бомбасы» делінетін ядролық арсеналдарды сақтау ұсынылған болатын. Бұл ретте, оны ұстап тұру үшін Каддафи хатында көптеген миллиард доллар көмек бөлінетінін де уәде еткен», - деп есіне алған еді.
Қорыта айтқанда, Елбасының ядролық қаруды толығымен және де мәңгілікке жою жолындағы өзіне дейін ешкім атқара алмаған еңбегі барша адамзаттан, болашақ ұрпақтан ризашылық сезімін туындататындығы еш күмән туындатпайтындығы анық.