«Ялла» музыкалық ансамблінің әлемдік турнесі Қазақстаннан басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанның, Қазақстанның және ТМД-ның тағы бес елінің Халық әртісі, «Ялла» тобының көркемдік жетекшісі Фаррух Закиров ансамбльдің жаңа әлемдік турнесі Қазақстаннан басталатынын айтты. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді.

группа Ялла, Фаррух Закиров
Фото: Википедия

Әншінің айтуынша, Қазақстан ансамбльдің шығармашылық биографиясында ерекше орын алады. «Ялла» тобының алғашқы ірі гастрольдері дәл осында — Алматыда өткен.

— Біз әрдайым қазақстандықтардың ерекше ықыласын сезіндік. Бізді ізгі халықтық дәстүрлер, ортақ рухани құндылықтар біріктіреді. Біз көршіміз және бауырлармыз, — деп атап өтті музыкант.

Сонымен қатар Закиров Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің кездесуіне қатысады. Әнші бұл кездесуден елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, мәдениет күндерін өткізу, өзара гастрольдер ұйымдастыру және бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруды күтетінін айтты.

Келесі жылы «Ялла» ансамбліне 55 жыл толады. Юбилейлік әлемдік турне Қазақстаннан басталады: концерттер Алматы, Астана, Қарағанды және Шымкент қалаларында өтеді деп жоспарланған.

Бұған дейін саясаттанушы Равшан Назаров қазақ-өзбек ынтымақтастығы ықтимал қатерлерді бірлесе еңсеруге қауқарлы екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар