Яндексте жұмыс істейтін 87 мың қазақстандық әлеуметтік тұрғыда қорғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында жұмыспен қаамту және платформаларда жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыстары туралы баяндады.

Такси
Фото: Яндекс Go

− Платформалық жұмыспен қамтуды реттеу шеңберінде Яндекс платформасында жұмыс істейтін 87 мыңға жуық адамның қызметі мен әлеуметтік қорғау рәсімделді. Қазір басқа операторлармен белсенді жұмыс жүргізілуде, − деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматтың жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінгі күні жоспар 66,5%-ға орындалды.

− Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 250 мың адам жұмысқа орналастырылды. Әрбір жұмысқа орналасу міндетті зейнетақы жарналарымен расталады. Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 4,2 мың грант берілді, − деді С. Жақыпова.

Сонымен бірге, Президент еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударған еді. Кәсіпорындармен жүргізілген жұмыс нәтижесінде 3 мыңнан астам кәсіпорын жоғары тәуекел аймағынан шығарылған және 23 мың жұмыскердің құқықтары қорғалған.

Айта кетейік, жыл басынан бері 4,7 млн адамға әлеуметтік төлем берілді.

Соңғы жаңалықтар