22:11, 18 Шілде 2023 | GMT +5
Юлия Путинцева Будапешт жарысын сәтті бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 60-ракеткасы Юлия Путинцева Будапешт (Мажарстан) WTA 250 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 295-орында тұрған украиналық Катерина Володькомен шеберлік байқасты.
Бәсекені украиналық теннисші қарқынды бастады – 6:1.
Одан кейін Ю. Путинцева қарымта қайтара алды – 6:2, 6:1. Ол екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта 2 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 5 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 88-ракеткасы, америкалық Клэр Льюмен таласады.
Қазақстандық теннисші 2021 жылы Будапеште чемпион атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Швециядағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.