Юлия Путинцева Токио турнирі іріктеу кезеңінің финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 66-ракеткасы Юлия Путинцева Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.

Путинцева
Фото: ҚТФ

Іріктеудің 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші рейтингіде 221-орындағы жапониялық Хау Киноситамен сынға түсті.

Бұл қос спортшының өзара алғашқы кездесуі еді.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Ю.Путинцева 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Юлия Путинцева іріктеу сайысының финалында рейтингіде 589-сатыдағы тағы бір жапониялық Саяка Иишимен шеберлік байқасады. Оны жолдан тайдырса, негізгі жарысқа жолдама алады.

Токиода 26 қазан – 1 қараша аралығында өтетін додада қазақстандық Елена Рыбакина бірінші ракетка болып тіркелген. Екінші айналымнан бастайтын ол әлемнің 31-ракеткасы, грекиялық Мария Саккари немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматы турнирінде Бубликтің 2024 жылғы чемпионды жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Қытайдағы Нинбо турнирінде Елена Рыбакина екінші жыл қатарынан финалға шықты.