ЮНЕСКО Қырғызстан бастамасымен Халықаралық көшпелі мұра күнін бекітті
БІШКЕК. KAZINFORM — 6 қарашада ЮНЕСКО-ның 43-ші Жалпы конференция сессиясында Қырғызстанның бастамасымен қабылданған резолюция бір ауыздан қолдау тауып, 22 қыркүйек Халықаралық көшпелі мұра күні ретінде жарияланды. Бұл туралы Қырғызстанның ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссиясы хабарлады, деп жазды 24 kg.
Резолюцияның мақсаты — көшпелі өмір салтының мәдени, тарихи және әлеуметтік маңызын, оның әлемдік мәдени әртүрлілік пен тұрақты дамуға қосқан үлесін халықаралық деңгейде мойындау.
Жиында құжатты Қырғызстан мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиев таныстырды. Оның айтуынша, ЮНЕСКО деңгейінде ресми мойындау көшпелі мұраны насихаттау мен оны зерттеу, болашақ ұрпаққа жеткізу жобаларын қолдауда маңызды қадам болады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай күннің бекітілуі Қырғызстанның көшпелі мәдениетті сақтаушы ел ретінде халықаралық мәртебесін арттырады, мәдени дипломатия мен этнотуризмді дамытуға мүмкіндік береді, сондай-ақ дәстүрлерді, қолөнерді және материалдық емес мұраны, соның ішінде «Манас» эпосын және көшпенділер ойындарын сақтауға назар аудартады.
Айта кетейік, ЮНЕСКО 15 желтоқсанды «Түркі тілдері отбасының дүниежүзілік күні» деп белгілеген еді.