ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Менің атым Қожа» фильмінің көрсетілімі өтті
ПАРИЖ. KAZINFORM – Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Менің атым Қожа» фильмінің көрсетілімі өтті. Ол белгілі жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы 24.kz сайты жазды.
Көрсетілім осы картинада басты рөлді сомдаған Нұрлан Санжардың бейне-хабарламасынан басталды. Әйгілі кинокартина көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Бірнеше ұрпақтың сүйікті картинасына айналған туынды, кезінде сала мамандарын талай рет мойындатқан. 1967 жылы Канн фестивалінде фильм қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Айта кетейік, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы жазушының туған жері Алматы облысында, сондай-ақ Түркия мен Әзербайжанда да аталып өтті.
— Француз көрермені болсын, басқа ұлттың азаматтары болсын бәрі де шын көңілдерімен қызыға қарады. Бірге күлдік. сол әр түрлі сәттеріне, Қожаның қылықтарына. Осыған байланысты Бердібек Соқпақбаевтың және Абдулла Қарсақбаев түсірген фильмнің тек қазаққа емес, бүкіл әлемге түсінікті, жақын екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Соған қуанамыз, — деді Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов.
Фильм көрермендердің де көңілінен шықты.
— Маған қатты ұнады. Фильм өте күлкілі әрі жаңалығы көп. Осы бір туынды арқылы қазақ тілін тыңдап, ұлттық ойындарды тамашалай алдым. Ақтауға жасаған сапарымда оны өз көзіммен көрген едім. Жалпы фильмнің жаңа түрін көру мен үшін өте қызық болды. Катрин, көрермен: — Керемет! Жоғары баға беремін. Сан түрлі әсер алдым. Өзім өмір сүрмеген дәуірге деген сағыныш сезімін тудырған сиқырға тап болдым десем артық емес. Қазақ киносы фестивалінің барлық көрсетілімдері өте тамаша болды, — деді көрермендердің бірі Элиз.
Еске сала кетейік, бұған дейін Парижде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабының француз тіліндегі аудармасы таныстырылғанын жазған болатынбыз.