ЮНЕСКО тізіміне мәдени мұра нысандарын енгізу жұмыстарын жалғастыру қажет – Үкімет
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімдеріне енгізудің маңыздылығын атап өтті.
− Төрткүл дүние елді дәл осы тізімдер арқылы танып біледі. Қазақстан – шын мәнінде, бірегей тарихи-мәдени жәдігерлерге бай ел. Әлемдік деңгейде мойындалған таңғажайып ескерткіштер – біздің ұлттық мақтанышымыз. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Қаялық, Талғар, Ақыртас қалашықтары және тағы басқа мұралардың әрқайсысы теңдесі жоқ тарихи құндылыққа ие. Біз олардың барлығын туристерді өзіне тартатын орталықтарға айналдыруға тиіспіз. Оларды фильмдер мен бағдарламаларда көрсетіп, кітаптар мен мектеп оқулықтарына енгізу қажет, − деді О. Бектенов
Сонымен бірге, ЮНЕСКО-да Материалдық емес мәдени мұралардың тізімі де бар. Оған дәстүрлі күй өнері, қазақ күресі, асық ойыны, беташар салты, «Ортеке» биі секілді ұлттық құндылықтарымыз енген.
− ЮНЕСКО тізіміне жаңа мәдени мұра нысандарын енгізу бойынша жұмысты жалғастыру қажет деп санаймын. Материалдық емес мұрамызды, мысалы, қолөнерге үйрету және әдет-ғұрыптарды сақтауды Үздік тәжірибелер тізімдеріне енгізуге назар аударған жөн. Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстанмен бірлесіп, «Жібек жолы: Каспий-Еділ дәлізі» жаңа трансұлттық номинациясын дайындауды жалғастыру керек. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Ол үшін кешенді ведомствоаралық өзара іс-қимылмен қатар, халқымыздың төл тарихына, ескерткіштеріне, мәдени мұрасына жанашырлықпен қарау қажет, - деді О. Бектенов.
Үкімет басшысы Мәдениет министрлігіне ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі алдағы кезеңге арналған кешенді жоспар жобасын әзірлеп, 1 қыркүйекке дейін Үкімет қарауына енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ, Мәдениет министрлігі мүдделі органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, тарих және мәдениет ескерткіштеріне түгендеу жүргізіп, биылғы 1 тамызға дейін тиісті құжаттарды ЮНЕСКО-ға жіберуі қажет.
Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының әкімдіктері 15 қыркүйекке дейін дүниежүзілік мұра объектілерінің аймақтарын мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізуге тиіс.
− Туризм министрлігі Мәдениет министрлігімен бірге мәдени мұра объектілері мен элементтерін ескеретін туристік маршруттарды әзірлеп, іске қоссын. Сондай-ақ, Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, ЮНЕСКО тізімдеріне енгізілген объектілер мен элементтер бойынша цифрлық танымдық өнімдер жасауы қажет, − деді О. Бектенов.
Бұған дейін Мәдениет министрі Аида Балаева Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында келісілмеген құрылыс тоқтамай тұрғанын айтқан еді.
Сондай-ақ, 2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр.