Zagreb Open турнирінде қазақстандық балуандар қандай нәтиже көрсетті
Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен Zagreb Open рейтингілік турнирінде қазақстандық балуандардың қалай өнер көрсеткені белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform.
Халықаралық турнирде еркін күрестен 1, әйелдер күресінен 3 балуан ел намысын қорғады. Нәтижесінде олардың еншісіне 1 күміс медаль бұйырды.
Еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 келі) финалға дейін жетті. Ол іріктеу кезеңінде үндістандық Депак Фуния, украиналық Валентин Баби, грузиялық Евсем Швелидзені жеңді.
Жартылай финалда израильдік Филип Файнсилберді 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңсе, финалда Болгарияның намысын қорғайтын дағыстандық палуан Магомед Рамазановтан 5:8 есебімен есе жіберді.
Ал әйелдер күресінен боз кілемге шыққан Эльмира Сыздықова (76 келі), Ирина Казюлина (65 келі), Елена Шалыгина (68 келі) жүлдеден тыс қалды.
Ел құрамасынан Ирина Казюлинаның салмағында спортшылар аз болғандықтан айналмалы жүйе бойынша күресті. Ирина 3 белдесуінде германиялық Анне Нуернбергер, украиналық Алла Белинска, түркиялық Кадри Аксойдан жеңіліп қалды.
Ал Елена Шалыгина мен Эльмира Сыздықова алғашқы белдесуінде жеңіліс тапты. Елена болгариялық Мими Христоваға, Эльмира Сыздықова АҚШ балуаны Кеннади Алексис Блайдеске қауқар көрсете алған жоқ.