Заң күшейгелі Қызылордада 600-ден астам мопед тіркелді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 5 сәуірден бастап елімізде тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз жүруге тыйым салынды. Соған қарамастан Қызылорда облысында қос дөңгелекті көлікті тіркеусіз, сақтандырусыз және жүргізуші куәлігінсіз басқару дерегі тыйылмай тұр.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде жыл басынан бері 12 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның басым бөлігі жол қозғалысы кезіндегі талапты сақтамағаннан, жолда жүру ережесін бұзғаннан болып отыр.
– 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралына теңестірілді. Содан бері мопед пайдалануға тек полицияда тіркелген, A1, A және B санатындағы жүргізуші куәлігі, техникалық тексеруден өткен және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заң күшіне енгелі кәмелетке толмағандар арасында мопед тізгіндеу жағдайы азайды, – деді департаменттің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұркен Бақтияров.
Заң талабы күшейген соң облыс көлемінде 600-ден астам мопед тіркелді. Қос дөңгелекті көлікті тіркеусіз басқарғандарға Әкімшілік кодекстің 590-бабының 2-бөлігі негізінде 60, жүргізуші куәлігінсіз басқарғандарға 612-бабының 2-бөлігімен 62 әкімшілік шара қолданылды.
– 16-17 жасқа толмағандар мопедті жүргізуші куәлігінсіз басқарған жағдайда Әкімшілік кодекстің 612-бабының 2-бөлігіне сәйкес 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің ата-анасына Әкімшілік кодекстің 127-бабының 1-бөлігімен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, – деді Нұркен Бақтияров.
Бұған дейін біз 2025 жылдың 5 сәуірі, яғни мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енгеннен бері Алматыда 1,5 мыңға жуық мотокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылғанын жазғанбыз.