«Заң мен Тәртіп» сервисі: Құқық бұзушы үстінен кім шағым жасағанын біле ала ма
АСТАНА. KAZINFORM – «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисіне құқық бұзушылық туралы 14 мыңнан астам хабарлама түсті. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы Шұғыла Тұрлыбек айтты.

Оның дерегінше, «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі арқылы жол жүрісі ережесін бұзу, құқық бұзу, жол-көлік оқиғасы, үйдегі зорлық-зомбылық, балаға қатысты оқиға бойынша фото және видео мәліметтерді бірден жіберуге болады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің әрекетіне арыздануға да мүмкіндік бар.
– Сервис қосылғаннан бері құқық бұзушылық туралы 14 мыңнан астам дерек түсті. Олардың басым бөлігі жол ережелерін бұзу, жол-көлік апаттары және қоғамдық жерді ластау фактілеріне қатысты, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева аталған цифрлық сервиске байланысты шетелдік тәжірибелерді қарап шыққанын айтады.
– Еуропа елдерінің бәрінде осындай сервис бар. Германия, Швейцария, Франция елдерінің тәжірибесін қарадым. Бірнеше елде сәтті жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда сол елдің азаматтарының менталитетіне назар аударғанымыз жөн. Мәселен, олардың менталитетінде домалақ арыз деген ұғым мүлде жоқ. Оларда бір-біріне арандатушылық немесе жала жабу болмайды. Өйткені, олардың бәрі заңға бағынады. Олардың санасында бұрыннан бері қалыптасқан түсінік бар, - деді ол.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Ішкі істер министрлігі өкілінен құқық бұзушының өзіне шағымданған адамның аты-жөнін білу мүмкіндігі бар не жоғын сұрады.
– Үшінші тарапқа берілмейді. Құқық бұзушы үстінен кім шағым жасағанын сұраса да ала алмайды. Жүйеден де кімнің шағым бергенін көруге мүмкіндік жоқ. Шағым берушінің аты-жөнін, мәліметтерін тек полиция ғана көре алады, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Естеріңізге сала кетсек, биыл маусымда Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» жаңа цифрлық сервисін іске қосты.