Заңбұзушылық туралы полицияға хабар бергендерді ынталандыру шарасы кеңейтілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха заң бұзғандарды полицияға көрсеткендерді ынталандыру шарасы кеңейтілуі мүмкін екенін мәлім етті.

- Бүгін өзіңіз таныстырған заң жобасы арқылы құқық бұзудың алдын алуға қатысқан азаматтарды ынталандыру шараларының аясын кеңейтпекшісіздер. Бұл халық арасында бір-бірін көрсету, құзырлы органдарға сөз тасу әдетін үдетіп жібермей ме, - деп сұрады журналист Мәжіліс кулуарында.
Министрдің орынбасары мұндай шара не үшін қажет екеніне тоқталды.
- Сұрағыңызды осындай мәнде болатынын бірден түсіндім. Ол құжатта біз жергілікті әкімдіктердің жұмысын белсенді етуге бағытталған норма енгізбекшіміз. Қандай құқық бұзу фактілерін хабарлағаны үшін ынталандыру шарасы қолданылатынын сол әкімдіктер белгілейді. Бұл жерде екі санат бар. Бірі – бізбен бірге патрульге шығып, құқық бұзу фактілерін анықтауға қолғабыс ететін қоғамдық көмекшілер. Олар қазірдің өзінде тоқсан сайын сыйақы түрінде ынталандыру алып тұрады. Енді құқық бұзу фактісі немесе қылмыс туралы хабарлаған тұлғаларды әкімдіктер ынталандыра алады, - деді ол.
Айтуынша, ынталандырудың тәртібін де, мөлшерін де жергілікті әкімдік өзі белгілейді.
- Яғни, әкімдік мәслихат талқылауына шығарып, солардың келісімі бойынша шешім қабылдайды. «Біздің ауданда заңсыз қоқыс төгетіндер көбейіп кетті. Солардың әрекетін хабарлағандарды сыйақы немесе автобуспен тегін жүру сияқты шарамен ынталандырайық» деп ұсыныс тастай алады. Неге солай етпеске? Онсыз да әрекет иесін анықтау оңай болатын құқық бұзу түрлері бұл санатқа енбейді деп ойлаймын. Менің пайымдауымша, бұл жүйелі түрде емес бір реттік шара болуы керек. Бірақ, заң жобасы бүгін бірінші рет талқыланып жатыр. Сондықтан осы бап міндетті түрде заңға енеді деп айта алмаймын, -деді Игорь Лепеха.
Ресми дерек бойынша, 2024 жылдың басынан бері мопед пен электрлі самокаттың кесірінен 1,7 мың адам жапа шеккен.