Заңдастырылмаған шетелдік көлікпен жүру мүмкін бе
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шетелден әкелінген көлікті заңдастыруға мемлекеттен ұсынылатын жеңілдік елге 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін кіргізілген автомобильдерге берілмейді. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«1 қыркүйектен кейін шетелден көлік әкелген, сол көлікті осы шара аясында заңдастырып алғысы келетіндер не істеуі керек?» - деп сұрады журналистердің бірі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Комитет басшысы мемлекет ұсынатын жеңілдік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген көлік иелеріне ғана ұсынылатынын еске салды.
«Президент анық айтты ғой, заңдастыру тек 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерге ғана ұсынылады. Ал, 1 қыркүйектен кейін әкеліп, заң бойынша заңдастырмаған көліктер біздің жолдарда жүре алмайды. Өйткені, олар бекітілген тәртіп бойынша тіркелмеген. Жол қозғалысына еркін қатысу үшін көлікті тиісті тәртіппен тіркеуден өткізу керек – мемлекеттік нөмір алып, көліктің тіркелгені туралы куәлік рәсімдеу қажет. Бұл құжаттар болмаса, жол қозғалысына қатысуға хақыңыз жоқ. Заң бойынша жауапкершілік арқалайсыз. Әкімшілік кодекс бойынша 1-рет ұсталғанда 10 айлық есептік көрсеткіш, қайталап ұсталған жағдайда 20 АЕК айыппұл салынады немесе көлік жүргізу құқығынан 1 жылға айыру жазасы қолданылады», - деді Қайсар Сұлтанбаев.
Бұған дейін ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев заңдастыруға жататын көлік иелері 200 мың теңгелік алымнан басқа қандай төлемдер жасайтынын айтты.
Сондай-ақ, заңдастыруға жататын көліктердің Қазақстанға кірген күні қалай айқындалатыны мәлім болды.
Мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланбай, шетелдік көлігін заңдастырмаған адамдар үшін екі-ақ жол бар екені айтылды және рулі оң жақтағы көліктерді заңдастыру қажеттігі неден туындағаны түсіндірілді.