Заңға өзгерту енгізгенше, есірткінің жаңа түрі шығып кетеді - министр
Соңғы уақытта әзірлеуде және сатуда арзандығымен ерекшеленетін синтетикалық есірткілерді саудалау әрекеттері тіркеліп жатыр. Оны қабылдаған адамның органдарына ауыр зақым келеді және психикасы бұзылады. Синтетиканың химиялық құрылымын өзгерту оңай, олар заңмен қадағаланатын есірткі заттары қатарынан сатылып кетеді. Сондықтан синтетикалық есірткіні саудалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қиындап отыр», - деді Қ. Қалмұханбетов Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, есірткі заттарына заң жүзінде тыйым салу рәсімінің ұзақ жүргізілуі де қиындықтар туғызып отыр.
«Біз «Есірткі заттары туралы» заңды бекіттік, қазір заңда көрсетілген есірткі түрлеріне ғана тыйым сала аламыз. Заң Парламенттен өтеді, барлық мемлекеттік органдарымен келісіледі. Енді синтетикалық есірткілер пайда болды, оны тауып, сараптама жүргізсек - заңда көрсетілген тізімде жоқ болып шықты. Біз заңды 5-6 айда өзгертеміз, есірткінің жаңа түріне тыйым саламыз. Бұл уақытта есірткінің жаңа түрі шығады. Үнемі осылай кешігіп жүреміз», - дейді Қасымов.
Министр бұл бағытта халықаралық тәжірибелерге зерттеу жүргізілгенін айтты.
«Беларусьте есірткі түрлері денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітіледі. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда тыйым салынған есірткі тізімі үкіметтің қаулысымен қабылданады. Біз мұнымен екі жыл бойы айналысып келеміз, 8 ай бойы Конституциялық кеңеспен талқылап, әрең көндірдік» - деп атап өтті ол.
Министрдің айтуынша, өткен жылы жаңа заң жобасы әзірленген және қазір заң Парламенттің қарауында жатыр.