Зардап шеккен баланы бейнежазбаға түсіріп, желіге салу — жанашырлық емес — Насымжан Оспанова
АСТАНА. KAZINFORM — Таяуда әлеуметтік желіде ересектердің зардап шеккен жеткіншек қыздың зәресін ұшырып, сұрақтың астына алып жатқан видео тарады. Оқиға Ақтөбе облысында болған.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова желіге жүктелген видеодағы оқиғаға қатысты түсінік берді.
— Қыздың дірілдеген үнінен қорқыныш пен абыржу сезіледі. Ал әлдекім сол сәтті бейнежазбаға түсіріп, көптің назарын аударып, хайп қуып әлек. Бұл — жанашырлық емес. Бұл баланың жан дүниесіне салынған жараны қайта қанатып, екінші мәрте сыздату. Мұндай жазбалар ақпарат кеңістігінде ұзақ сақталып, баланың жанын күндердің бір күні қайта жаралайтыны сөзсіз, — деді ол.
Балалардың құқығын қорғау комитеті басшысының мәлімдеуінше, желіде фото, видео, дауыс, есім тіпті бұлдырлаған бейненің өзі де жарияланбауы тиіс. Қазіргі технология кез келген көмескі кадрды анықтай алады.
— Мұндай әрекет тек моральдық емес, заңдық тұрғыдан да қате, — дейді ол.
Балалардың құқығын қорғайтын заң нормалары:
• «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң әрбір баланың денсаулығына, дамуына және ар-намысына зиян келтіруі мүмкін ақпараттан қорғалуына кепілдік береді;
• «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының заңының 14-бабы 5-тармағына сәйкес, құқыққа қайшы әрекеттердің салдарынан зардап шеккен кәмелетке толмаған баланың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес және биометриялық деректерді, сондай-ақ оны тануға жол ашатын кез келген ақпаратты масс-медиада таратуға тыйым салынады;
• «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, баланың аты-жөні, жасы, тұрғылықты мекенжайы, оқитын мектебі секілді жеке деректерін, яғни оны тануға мүмкіндік беретін кез келген мәліметті — заңды өкілінің келісімінсіз жинауға, сақтауға және таратуға тыйым салынады;
• Азаматтық кодекс адамның бейнесін, яғни фотосын немесе видеосын оның келісімінсіз пайдалануға жол бермейді;
• Қылмыстық кодекс жеке өмірге қолсұғушылық үшін жауапкершілік қарастырады — айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейін.
— Бұл нормалар қағаз жүзіндегі формальдық емес. Олар қиын жағдайда қалған баланы көпшіліктің тасбауыр назарынан арашалап қалудың заңнамалық қалқаны. Мен бұл мәселеге журналистердің, блогерлердің және қоғам белсенділерінің назарын аударғым келеді. Баланың бейнесін жариялап, аты-жөнін көпшілікке таратудан аулақ болыңыздар. Бөгденің қайғысын контентке айналдыруға болмайды. Әлеуметтік желідегі бұл видеоға басылған әрбір лайк баланың басынан өткен қайғыны қайта еске салатын таңба. Зорлық-зомбылық көрген балаға ең керегі — қауіпсіздік пен шынайы қолдау. Желі толы қаралым жан жарасына жұбаныш бола алмайды, — деп толықтырды Насымжан Оспанова.
Еске сала кетсек, былтыр жыл соңында Президент 95 заңға қол қойды. Оның қатарында әйелдердің және балалардың құқығын қорғау туралы заң да бар.