Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа әуежайлар қашан ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан мен Қатонқарағайдағы жаңа әуежайлар қашан ашылатынын айтты. Қазір Зайсандағы әуежай құрылысының 66%-ы, Катонқарағайдағы әуежайдың 55%-ы жасалған.
– Бұл нысандарда ұшу-қону жолақтары мен рульдеу жолдары салынды, қазір перрондар мен аэровокзалдар құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады, – деді Сақтағанов ОКҚ брифингінде.
Сонымен бірге, өңір әкімі тапсырыс беруші ретінде «Қазаэронавигация» қажетті жабдықты сатып алу мен орнату жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
– Менің ойымша, келесі туристік маусымның басында, сәуір-мамыр айларында осы әуежайларға алғашқы ұшақтар қона бастайды, – деді әкім.
Өткен жылдан бері Өскеменнен Мәскеу мен Новосибирскіге халықаралық әуе рейстері ұшады. Келесі жылы Қытайға әуе бағытын ашу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Биыл ШҚО-да 856 шақырым автожол жөнделді. «Талдықорған — Өскемен», «Өскемен — Семей» жобалары аяқталды, «Өскемен — Рахман қайнарлары», «Қалбатау — Майқапшағай» бағыттарында жұмыстар жалғасып жатыр.
Өскеменде Ертіс және Үлбі өзендерінен өтетін екі көпір салынады. Ал келер жылдан бастап Үлбі өзені арқылы өтетін апатты жағдайдағы көпірді реконструкциялау басталады.