Зергер Оралбек Бекқали: Әр сәндік бұйымның бедеріндегі ұлттық белгілердің терең мағынасы бар
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында тұратын Оралбек Бекқалидің қолынан шыққан білезік, жүзік, сырға сынды түрлі зергерлік бұйымдар көздің жауын алады. Бір ерекшелігі, ол әр сәндік бұйымның бедерін ұлттық белгілерін өзгертпей жасап, қазақтың салты мен мәдениетін дәріптеп жүр. Kazinform тілшісі қолөнершіні әңгімеге тартып көрді.

— Қолөнермен айналысып келе жатқаныңызға қанша жыл болды?
— 1988 жылы Қытайдың Алтай аймағында дүние есігін аштым. Елге 2007 жылы келдік. Жалпы ұсталық өнер қанымызда бар десем де болады. Атам да, әкем де ауылда қара ұста болған. Бүкіл ауылға темірден аттың таға-шегесін, балта мен пышақ соғып беретін. Анам да ісмер кісі. Ауылдың тұскиіз бен сырмағы міндетті түрде оның қолынан өтетін. Жас келіндерін жинап алып, қойдың жүнін түтіп, киіз басатын. Қыз бала тәрбиесін оймақ, инемен ұштастыра білген анам оюларға қарап-ақ кімнің кестесі екенін бірден танып қоятын-тұғын. Сөйтіп, бала күннен қолөнерге сусындап өстім.
Десе де менің алғашқы арманым — суретші болу еді. Өкінішке қарай, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түсе алмай қалдым. Кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет факультетіне оқуға қабылданып, 4 жылдан соң диплом алдым. Сол оқу орнында алғашқы еңбек жолым басталып, 1 жыл суретші болдым. 2015 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Самар ауылындағы Жұбандық Болғанбаев атындағы орта мектепке жұмысқа орналастым.
Университетте оқып жүргенде Болат Атамқұлов деген ұстазым бағытымды айқындады. Ол кісінің қолынан шыққан түрлі туындыларды көргенде қызыға түстім. Менің де қабілетімді байқап, жол нұсқап, талай дүниені үйретті. Дипломдық жұмысымды да зергерлік бойынша қорғадым. Сөйтіп, өзім де әшекейлер жасай бастадым. Сонда осы бағытты таңдағаныма 11 жыл болды.

— Ең алғаш не жасап көрдіңіз?
— Әуелі мойынға тағатын алқадан бастадым. Одан соң топтамаға кірістім. Топтаманың ішінде алқа, жүзік пен сырға болады. Халық оны сыйлыққа жиі алады.
Мойындау керек, басында сәндік бұйымдарды жасау оңайға соққан жоқ. Бірақ ептілік пен ниет болса үйреніп кетуге әбден болады екен. Бұйымдарымды бірінші жақындарыма, туған-туысқандарыма сыйлыққа бердім. Одан соң көрші-қолаң, дос-жаран, тамыр-таныстан тапсырыс түсе бастады. Бәрі ризашылықтарын білдіріп, оң бағаларын берді. Осыны көргенде одан сайын құлшына кірістім. Кейіннен ауылдан асып, аудан тұрғындары да тапсырыс беретін болды. Қазір тек Самар емес, Шығыс Қазақстанның басқа аудандарынан да хабарласып, өнімдерімді сатып алып жатады.

— Қазір қандай өнімдер жасайсыз?
— Түртпе технологиясы арқылы алқа-моншақтың түр-түрі мен белдіктер жасаймын. Атап айтар болсақ, білезік, құдағи жүзік, тұмар алқа, шашбаулар, сырға, басқа да жүзіктер, мен шолпы. Көбінесе қола, мыс, күмістерден оямын.
— Оның ішіндегі қайсысы сұранысқа ие?
— Көбісі топтамаға тапсырыс береді. Әсіресе 8 наурызда хабарласатындар күрт көбейе түседі. Бұл анаңа, сүйіктіңе сыйлық ретінде бергенге таптырмас дүние.
— Өнімдеріңізді қалай сатасыз?
— Басында халықтың мен туралы сөзі тарап, тек естігендер келіп жататын. Содан соң әлеуметтік желіде парақша ашып, сол арқылы да жұмысымды көрсетуге көштім. Әзірге дүкенім жоқ. Сәтін салса алдағы уақытта ашқым келеді.

— Қазақстанның басқа облыстарынан тапсырыс түсе ме?
— Иә. Астана, Алматы, Семей қалалары мен Солтүстік өңірлерден тапсырыс беретіндер бар. Оларға жеткізушілер арқылы салып жіберемін. Былтыр Астанада өткен Көшпенділер ойындарына барып, өз өнімдерімді саудаға қойдым. Сол кезде шетелдіктердің де қызығушылығы жоғары болды. Құдағи жүзік пен ұлттық нақыштағы сырғаны америкалықтар сатып та алды.

— Әр сәндік бұйымның бедерін ұлттық белгілерін өзгертпей жасап, қазақтың салты мен мәдениетін дәріптеп жүр екенсіз. Сол жайлы тереңірек айтып берсеңіз.
— Қазақтың әр сәндік бұйымының бедеріндегі ұлттық белгілердің терең мағынасы бар. Мәселен, құдағи жүзікті — ертеде құдалы болған екі жақтың құдағилары таққан екен. «Ұл мен қызымды тең көремін» деген мағынаны білдіреді. Қыз балаға арналған шашбаулар бір жағынан сәндік рөл атқарса, екінші жағынан қыздың денесін тік ұстап жүруіне арналған. Тіпті ертедегі қазақ қыздарының сәндік бұйымдарының салмағының өзі 2-3 келідей болған деседі.
Ескі үлгіні өзгертпей беруге тырысамын. Себебі атам заманнан келе жатқан кейбір ұлттық белгілерді өзгертуге болмайды. Қазір отбасылы болған әйелдер құстұмсық жүзік тағып жүр. Бұрын ол жүзікті тек тұрмысқа шықпаған жас қыздар ғана таққан. Себебі құстұмсық жүзік — еркіндіктің, бостандықтың символы. Тұрмыстағы әйелдер дөңгелек сақина таққан. Ол отбасылы, басы бос емес деген мағынаны білдіреді. Бұрынғының жігіттері қызды қолындағы жүзігіне қарап ажыратса керек. Ал қазір бұған мән бермейміз.

— Ең тез және ең ұзақ жасалатын сәндік бұйым қандай?
— Жекелеген сырға, жүзік тез жасалады. Көлеміне де байланысты. Ал топтамаларды, белдіктерді дайындауға көбірек уақыт кетеді.

— Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
— Әйелім Кәмшатты университетте жолықтырдым. Үш қызымыз бар. Ол да қолөнерші, тігіншілікпен айналысады. Оларға үнемі түрлі сәндік бұйымдар жасап бергендіктен болар зергерлікке қызығады. Негізі қазақта зергер қыздар да көп болған. Бәлкім келешекте балаларым жолымды қуамын десе тек қуанамын.
— Әңгімеңізге көп рахмет!
Еске салсақ, осыған дейін Аида Балаеваның қолөнершілер ең көп шоғырланған өңірлерді атағаны жайлы жазғанбыз.