Зейнетақы жинағын жеке басқаруға беру шегі 75%-ға дейін артуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігін кеңейтуді ұсынды.
Жаңа түзетулерге сәйкес, бұл шекті 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтып, азаматтарға өз жинағын түрлі инвестициялық стратегиялар арқылы икемді басқаруға жағдай жасау көзделіп отыр.
Мәжіліс депутаты ай сайын қазақстандықтар табысының 10%-ын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотқа аударатынын атап өтті. Бұл қаражатты Ұлттық банк басқарады.
— Соңғы жылдары басқару сапасы жаман емес. Сонымен бірге, жинақтардың бір бөлігін, нақты айтқанда 50%-ына дейін, табыстылықты арттыру және тәуекелдерді әртараптандыру үшін жеке басқарушы компанияларға беру құқығын барлық азамат біле бермейді. Әрине, ештеңені өзгертпей, қаражатты толығымен Ұлттық банкке сеніп қалдыруға болады. Қалаған жағдайда әр азамат өз бетінше шешім қабылдап, жинағының бір бөлігін кәсіби басқарушыларға бере алады. Алайда бұл мүмкіндік әзірге кеңінен қолданылып отырған жоқ, — деп жазды А. Аймағамбетов Telegram желісінде.
Депутат екі негізгі түзетуді ұсынып отырғандарын айтты.
— Біріншіден, азаматтардың қаражатын жеке басқарушы компанияларға беру шегін қазіргі 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл жерде ең бастысы – міндеттеу емес, ерікті құқық екенін атап өткен жөн. Екіншіден, азаматтардың өздері таңдаған басқарушы компанияға, осы жинақтарды икемді басқаруға мүмкіндік беруді ұсынамыз: қаражаттың бір бөлігін консервативті құралдарға, бір бөлігін – табысы жоғары, бірақ тәуекелі де жоғары құралдарға, ал бір бөлігін – теңгерімді бағыттарға орналастыру мүмкіндігін беру. Яғни «бәрі немесе ештеңе» стратегиясы емес, саналы таңдау беру. Ақша тек тұрмай, жұмыс істеуі керек, – деді Асхат Аймағамбетов.
Бұл – жинақтау міндетімен қатар, азаматқа өз қаражатын басқару құқығын беретін анағұрлым жетілдірілген әрі әділетті жүйеге жасалған қадам.
– Қазіргі уақытта біздің түзетулер талқылау кезеңінде тұр және бұл бап осы бағытта белгілі бір үміт ұялатады, – деді депутат.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы өмір бойына төленуі мүмкін екені хабарланған еді.