Жаһандық шарт ең жойқын қатердің бірі – темекі індетіне тосқауыл қояды
АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігі бірегей құқықпен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың мақаласын оқырман назарына ұсынады.

***
Соңғы 20 жылда әлемде темекі тұтыну ауқымы үштен бірге қысқарды: бағалауға сәйкес, 2005 жылмен салыстырғанда темекі тұтынушылардың саны 118 миллион адамға азайды.
Бұл 20 жыл бұрын дәл осы аптада көпжылдық келіссөздерден кейін бүкіл тарихта әлемдік қоғамдастық кеңінен қолдау білдірген БҰҰ халықаралық шарттарының бірі - ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясының күшіне енуінің арқасы.
ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясы халықаралық құқық тарихындағы маңызды меже болды және болып та қала береді. Бұл ДДҰ жарғысы негізінде келісілген және темекі бұйымдарына нарықтағы сұранысты әрі ұсынысты шектеу бойынша бірқатар іс-шараны қамтитын бірінші шарт.
Бүгінгі таңда конвенцияға 183 тарап қосылған, олардың үлесіне әлем халқының 90 пайызы тиесілі. 5,6 миллиардтан астам адам темекіге қарсы кем дегенде бір іс-шара толығымен жүзеге асырылған елде тұрады.
Айталық, қазіргі уақытта 138 елде темекі қорабына шылым шегудің денсаулыққа зияны туралы үлкен графикалық ескертулерді орналастыру туралы талаптар бар. Ал ондаған басқа ел олардың тартымдылығын төмендету үшін темекі қорабының брендтік дизайнына тыйым салу арқылы қарапайым қаптаманы пайдалану ережесін енгізді.

Мұнан бөлек, 66 елде темекі өнімдерін жарнамалауға, сатуды ынталандыруға және демеушілікке тыйым салынды. Әлем халқының төрттен бірінен астамы жабық үй-жайларда темекі шегуге тыйым салумен және түтінсіз ортаны құрудың басқа да заңнамалық шараларымен қорғалған.
Сонымен қатар, шылым шегуді азайтудың ең тиімді экономикалық әдісі темекі өнімдеріне салынатын салықтардың өсуі болып қала бермек. Бұл олардың баға жағынан қолжетімділігін төмендетеді. Темекі салығы темекіге қарсы күрес және денсаулық сақтауды қаржыландыру мақсаттары үшін мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдердің көзі бола алады.
Мұнан бөлек, 2018 жылы тағы бір халықаралық құқықтық құжат – темекіге қарсы шаралардың тиімділігін төмендететіндігін, салық түсімдерін шектейтін және қылмысты күшейтетін темекі өнімдерінің заңсыз саудасының барлық нысанын жоюға бағытталған хаттама күшіне енді.
Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан шылым шегу бүкіл әлемде алдын алуға болатын өлім-жітімнің негізгі себебі және жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік, созылмалы респираторлық аурулар, инсульт және қант диабетінің негізгі факторларының бірі болып қала бермек.

Әлемде шамамен 1,3 миллиард адам адамдарға өлім уын себетін, өнімге тәуелділікті алып келетін, адамдардың азапқа ұшырауынан пайда табатын бірнеше миллиардтық индустрияға тоқсауыл болудың орнына темекі шегуін жалғастыру үстінде.
Темекі өндірушілері темекі сатылымының төмендеуіне тап болған кезде жаңа өнімдерді, атап айтқанда электронды темекілерді енгізіп, оларды әдеттегі темекіге қарағанда пайдалы балама ретінде жосықсыз жарнамалайды. Дегенмен мұндай өнімдерде де улы қоспалар, оның ішінде канцерогендік әсерге ие және жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жолдарының патологиясының қаупін арттыратын қоспалар бар.
Темекі компаниялары жастарды өз өнімдеріне тәуелді етуге барынша тырысады. Тек 56 ел ғана 2025 жылға арналған темекіні тұтынуды 30 пайызға қысқарту жөніндегі жаһандық мақсатқа қол жеткізе алады (ағылшын тілінде).
Темекі денсаулыққа ғана зиянын тигізіп қоймайды. Ол тұрақты дамуға да қауіп төндіреді. Шылым шегуден туындайтын жыл сайынғы экономикалық шығын – медициналық көмек шығындарынан бастап өнімділіктің төмендеуіне дейін – әлемдік ішкі жалпы өнімнің 1,8 пайызы деңгейінде бағаланады.
Темекі құрбандарының қатарына Жер шарымызды да жатқызу керек. Жыл сайын қоршаған ортаға шамамен 4,5 трлн темекі қалдықтары түседі. Бұл - әлемдегі пластикалық ластанудан кейінгі екінші көлем. Темекі шаруашылығы азық-түлік өсіру үшін пайдалануға болатын құнды егістік жерлер мен су ресурстарын айналымнан шығарады. Темекіні өндіру және тұтыну атмосфераға жыл сайын 80 миллион тонна көмірқышқыл газын шығару көзі саналады. Осылайша жаһандық жылынуға ықпал етеді.

Осы себептердің барлығына байланысты ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясы 20 жыл бұрын күшіне енген кездегідей өзекті болып қала береді. Дегенмен оны жүзеге асыру процесі әртүрлі елде біркелкі емес, көптеген саладағы әрекеттерді жандандыруды талап етеді.
Барлық ел бұл жолда алға жылжи алады, оның ішінде дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде темекіге демеушілік пен жарнамаға тыйым салу, сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты темекі өнеркәсібінің араласуынан қорғау үшін шаралар қабылдау арқылы да.
Конвенция ережелерін толыққанды іске асыру елдерге өз азаматтарының денсаулығын, экономикасы мен қоршаған ортасын ондаған жылдар бойы қорғауға мүмкіндік береді.
Өзбекстанда электронды темекіге тыйым салынуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.