«Жақсы күн болсын, Дональд»: Масктың даулы жазбасы желіден өшірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Миллиардер Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамппен арақатынасы нашарлағаннан кейін, екі күн бұрын жариялаған жазбасын өзінің парақшасынан өшіріп тастады, деп жазады DW.

Маск сол жазбасында: «Мен шынымен де үлкен бомба тастадым» деген.
— Дональд Трамп — Эпштейн файлдарында бар. Бұл — олар неге әлі күнге дейін жарияланбағанының шынайы себебі. Жақсы күн болсын, Дональд! — делінген жазбада.
Бұл жазба әлеуметтік желілерде көптеген скриншот арқылы сақталып қалған.
Айта кетейік, америкалық банкир Джеффри Эпштейн адам саудасы мен кәмелетке толмағандарды жыныстық қанауға тарту айыптары бойынша 2019 жылы қамауға алынған еді. Алайда ол сотқа дейін түрмеде өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Іс материалдарында АҚШ-тың бұрынғы президенттерін қоса алғанда, көптеген танымал тұлғаның есімдері аталады. Дегенмен, құжаттардың басым бөлігі әлі құпия сақталып отыр.
Бұған дейін Маск өзі басшылық етпек болған жаңа америкалық партияға атау ұсынды. Оның өзіне тиесілі X әлеуметтік желісінде өткен сауалнамада 5,6 миллион адамның 80 пайыздан астамы Маск ұсынған America Party («Америка» партиясы) атауын қолдаған.
Айта кетейік, Трампқа Илон Маскты АҚШ-тан шығарып жіберуге кеңес берілгенін жаздық.
Бұған дейін Илон Маск Дональд Трамптың заң жобасын ашық сынға алған болатын.
Трамп пен Масктың жария қақтығысынан кейін олардың акциялары құнсызданды.