Жақсылық Досқалиев өзі білім алған медуниверситетке алтыннан жасалған карта сыйлады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе медициналық университетінің түлектері білім ордасының 60 жылдығына жиналды. Академик Жақсылық Досқалиев өзі білім алған медициналық университетке 24 каратты алтын карта сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің 60 жылдық мерейтойы өтіп жатыр. Шараға жоғары оқу орнын бітірген түлектер шақырылды. Олардың арасында Республикалық трансплантология үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев те бар. Академик өзіне тәлім берген оқытушыларға алғыс айтып, сый жасады.
«Адамның сана-сезімі, ішкі жылуы, адамның алға жылжуы, бір-бірін сүюі секілді қасиеттердің бәрі университте дариды. Ұстаздарыма алғысым шексіз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген бар. Оқытушылардан алған тәлім-тәрбие өмірімізге азық болды. Мен Ақтөбе медициналық институтында білім алғанымды, жұмыс орнын осы жерде ассистент болып бастағанымды, білім ордасын басқаруға мүмкіндік берілгенін мақтан етемін. Оқытушыларыммен, университетті бітірген 25 мың түлекпен мақтанамын. Олардың бәрі еліміздің әр өңірінде, шетелде Ақтөбе университетін танытып жүр. Бұл ЖОО өз әдістемесі, жолы бар. Түрлі серіктестер байланыс орнатып, Ақтөбе университетінің тәжірибесін меңгеріп жүр. Бәрі ұжымның еңбегі»,- деді Жақсылық Досқалиев. Соңынан академик сый жасады. Ол Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық мемлекеттік университетінің түлектері жұмыс істеп жүрген Қазақстан картасының алтын үлгісін сыйлады. Алтын сынамасы - 24 карат.