Жалған рецепт: Медицина қызметкерлерінен құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ әшкерленді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында медицина қызметкерлерінен құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ әшкерленді. Олар ұзақ уақыт бойы «трамадол» препаратын алу үшін жалған рецептер жасап келген. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Барлық тұлғалар ұсталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұл қылмысты Ішкі істер министрлігі 9-13 маусым аралығында еліміздің аумағында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымын бақылау мақсатында «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өткізу барысында әшкерелеген.
— 709 нысан тексерілді, оның ішінде 577 медициналық мекеме және 132 өндірістік кәсіпорын. Іс-шара кезінде 237 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Есірткілік және психотроптық заттар бар 23 мың ампула және 6 мың таблетка тәркіленді. Тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша 135 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жинақталып, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жолданды. 380 мың тонна прекурсордың айналымы шектеліп, 70 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Ал Шығыс Қазақстан облысында прекурсорларды импорттау және экспорттаумен айналысатын ірі кәсіпорынға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 380 мың тонна прекурсор тәркіленді.
Ақмола облысында құрамында есірткі бар дәрілерді сатқаны үшін 2003 жылы туған Көкшетау қаласының тұрғыны ұсталды. Ішкі істер министрлігі есірткі және прекурсорлардың заңды айналымымен айналысатын заңды тұлғаларды бақылаудағы заттарды сақтау, тасымалдау, пайдалану және өткізу ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда дәрі-дәрмекті 100 күннен аспайтын мерзімде тіркейтін жоба іске қосылғанын жазған едік.