Жалпы ішкі өнімнің 3 жылдағы орташа өсімі 5,3 пайызға тең — Үкімет болжамы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

Жұманғарин
Фото: Үкімет

— Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4 пайызды, 3 жылдағы орташа жылдық өсуі 5,3 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етілетін болады. Өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобалардың іске асырылуы есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға дейін ұлғаяды деп болжанады. Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсу 2,8 пайызды, ауыл шаруашылығында — 3,9 пайызды, құрылыста — 11,0 пайызды, көлік қызметтерінде — 10,1 пайызды және саудада — 7,0 пайызды құрайды, — деді вице-премьер.

Оның дерегінше, болжам бойынша экспорт 2026 жылғы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд АҚШ долларына дейін, импорт — 67,7-ден 75,2 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Инфляция болжамы 2026 жылы 9,0-11,0 пайыз, 2027 жылы және 2028 жылы орташа 6,0 пайыз деңгейінде айқындалған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2026-2028 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.

— Салық-бюджет саясаты мемлекеттік қаржының орнықтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етуге, бюджет тапшылығын азайтуға, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын меншікті қаражатпен алмастыруға бағытталған. Бюджетті болжау бюджет қағидалары мен Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген нысаналы бағдарларға негізделді. ‎Кірістер 2026 жылы 19,2 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,5 пайыз деңгейінде болжануда. Осы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 4,7 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін немесе 20,8 пайызға өсуі күтіліп отыр. Жалпы, республикалық бюджеттің меншікті кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7 пайыздан 2028 жылы 83,5 пайызға дейін өседі, — деді ол.

Серік Жұманғариннің сөзіне қарағанда, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мұнайдың кесімді бағасы бойынша есептелген лимит шегінде жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалды. 2026-2028 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 108,7–109,3 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды.

— Осыны ескере отырып, бюджеттің шығыстары бюджет қағидаларында белгіленген лимиттерді сақтай отырып, 2026 жылы — 27,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 15,1 пайызды, 2027 жылы — 28,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 14,0 пайызды, 2028 жылы 29,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 13,0 пайызды құрайды. Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді. Фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың деңгейі 2026 жылы тиісінше жалпы ішкі өнімге 2,5 пайызды және 4,9 пайызды құрап, 2028 жылы жалпы ішкі өнімге 0,9 және 2,7 пайызға дейін төмендейді деп болжанып отыр. Осыны ескере отырып, үкіметтік борыш 2026 жылы жалпы ішкі өнімге 21,4 пайыз деңгейінде болжанып, 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімге 19,6 пайызға дейін төмендеуі күтіледі, бұл белгіленген ковенанттардан аспайды. Жалпы, Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, сондай-ақ бюджет пен Ұлттық қордың параметрлері ұлттық экономиканың сапалы және серпінді дамуын нысаналауға және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, — деді вице-премьер.

Бұдан бұрын халықтың табысын инфляциядан қорғаудың 3 жылдық бағдарламасы қабылданғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар