Жамбыл облысында бір жылда 33 мың гектар орман өртенді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Жамбыл облысы аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерінде 50 орман өрті тіркелді.
Ең ірі өрттер Ақкөл орманшылығында болған. Бұл аумақта от шамамен 22 мың гектар жерді шарпыған. Сондай-ақ Мойынқұм, Байзақ, Сарысу, Жамбыл аудандарында және облыстың өзге де бірқатар аумақтарында өрт оқиғалары тіркелді.
Өрттердің негізгі себебі найзағай түсуімен байланысты болды. Осы фактор салдарынан барлық өрттің жартысынан астамы шыққан. Сонымен қатар әкімшілік аумақтардан оттың орман алқаптарына өтуі және өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы да анықталған. 14 жағдайда өрттің шығу себебін анықтау мүмкін болмады.
Аймақтағы ауқымды өрттерге байланысты орман алқаптарын қорғау шаралары күшейтілді. Орманшылықтарда 39 өрт-бақылау мұнарасы жұмыс күйіне келтіріліп, 65 бекетте тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын минералдандырылған өртке қарсы жолақтарды күтіп ұстау жұмыстары толық көлемде атқарылды.
Өткен жылы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар лизингтік қаржыландыру аясында жалпы құны 1,8 млрд теңге болатын 59 өртке қарсы техника сатып алу жоспарланған. Оның бір бөлігі орманшылықтарға жеткізілген.
Айта кетейік, Батыс Қазақстанда тұрғын үйдегі өрттер саны көбейіп отыр.