Жамбыл облысында діни радикалдар тобының 11 мүшесі ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында діни радикалдар тобының 11 мүшесі қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Жамбыл облысында діни радикалдар тобының 11 мүшесі ұсталды
Фото: Polisia.kz

Олар әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерінің сезімдерін қорлайтын, өз діндестерінің үстемдігін және өзге сенімдегілердің төмендігін насихаттайтын аудио және видеоматериалдарды, соның ішінде шетелдік радикалды уағызшылардың дәрістерін таратқан.

Аталған материалдардың кейбірі бұрын сот шешімімен діни алауыздықты қоздыратын ақпарат ретінде танылып, Қазақстан Республикасының аумағында таратуға тыйым салынған.

— Тұрғылықты жерлерін тінту барысында түрлі діни мазмұндағы материалдар мен басқа да айғақ заттар тәркіленді. Сараптама нәтижесінде осы материалдардан діни алауыздықты насихаттау белгілері анықталды. Топтың жетекшілері мен белсенді мүшелерінің төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, қалғандары қылмыстың куәгерлері ретінде кінәларын мойындады, — делінген хабарламада.

Топ болып қасақана діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, Аида Балаева діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам материал жойылғанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар