Жамбыл облысында мамандар даярлауға бөлінген 25,5 млн теңгені жымқырып қойған
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының прокуратурасы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлауға арналған 25,5 млн теңге қаражат жымқыру фактісін анықтады.

— Жамбыл облысы әкімдігі Білім басқармасының «Түзету мекемесі жанындағы № 15 колледж» басшылығы оқуға іс жүзінде қатыспаған сотталғандарға білім бергені үшін 3 жыл көлемінде қаржыландыруды заңсыз алғаны белгілі болды. 2025 жылғы 5 ақпанда облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2)-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу), — делінген Жамбыл облысының прокуратурасы хабарламасында.
Тергеу жүргізу Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетелік Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 547 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген айыппен сотталған еді.