Жамбыл облысында медицина қызметкеріне тіл тигізген ер адамға айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Медицина қызметкеріне мас күйінде тиіскен ер адам тек балағаттап қоймай, оны медициналық заттар салынған сөмкемен ұрған.

Жамбыл облысында медицина қызметкеріне тіл тигізген ер адамға айыппұл салынды
Фото: Pixabay.com

Жуалы ауданының тұрғыны мейрамханадағы кештен кейін оқыс жағдайға тап болып, үйіне жедел жәрдем шақырады. Ол алғашқы көмек көрсетуге келген қызметкерлерге әдепсіз сөздер айтып, өрескел қылықтар көрсете бастайды. Көрсетілген көмекке көңілі көншімеген ер адам фельдшерді дәрі-дәрмек пен құралдар салынған медициналық қобдишамен ұрған. Науқастың агрессиясынан шошып кеткен медицина қызметкері дереу полиция шақырған.

Нәтижесінде, агрессивті азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекснің 80-1-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Мұндай құқық бұзушылық үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы 117 900 теңге) көлемінде айыппұл салыну немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалады.

Сот шу шығарған тұрғынның шын өкініп, кінәсін мойындағанын бағалап, айыппұлды 30 пайызға азайтты. Ол дөрекілік үшін енді 82 000 теңге төлейді.

Еске салайық, Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін жазаны күшейтуді тапсырды

Соңғы жаңалықтар