Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаза болды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін 27 қаңтарда Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаруды ұстап жүрген кезде жарақат алып, көз жұмды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Осы оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
— Жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас Прокурордың жеке бақылауында. Оқиғаның алдындағы мән-жайларды объективті және жан-жақты (комиссиялық) анықтау мақсатында Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы оқиға орнына шықты. Сонымен қатар, бұл топтың алдына еліміздің тиісті әскери бөлімдерінде әскери тәртіптің сақталуы мен жеке құрамның қауіпсіздік талаптарының сақталуына жан-жақты тексеруді ұйымдастыру тапсырылды, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, мерзімді қызметті өткеру қауіпсіздігі мәселелері жақын арада Бас прокуратураның арнайы Алқа мәжілісінде қаралатын болады.
Осыған дейін 25 қаңтарда Өскемендегі әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмғанын жазған едік.