Жамбыл облысында трансшекаралық суға тәуелділік азаяды

Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 13 су қоймасы салынады. Бұл туралы өңір әкімі Ербол Қарашөкеев елордадағы есептік брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Қарашөкеев
Фото: Kazinform

Әкімнің айтуынша, су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы мәселесі өзекті болып қалуда.

«Облыстың трансшекаралық су пайдалануға тәуелділігін төмендету мақсатында су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда көлемі 650 млн текше метрді құрайтын Ынталы және Тасөткел су қоймаларында қайта жаңарту жұмыстары жүруде. Одан бөлек, көлемі 166 млн текше метр болатын тағы екі су қоймасын жаңғырту бойынша (Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз) жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», - деді Е. Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.

2025 жылға дейін 46,2 млн текше метр болатын 13 су қоймасының құрылысы жоспарлануда, оның үшеуі ірі («Ақмола», «Ырғайты» және «Қалғұтты»), 10 су қоймасы – шағын («Андас 1», «Андас 2», «Андас 3», «Науа», «Молалы», «Шөңгер», «Сулутөр», «Мақпал», «Көкдөнен», «Қарақыстақ»).

Биыл көлемі 1,4 млн текше метр болатын 3 су қоймасы («Андас 1», «Андас 2», «Андас 3») салынып жатыр.

«2027 жылға қарай халықаралық институттар қаражаты есебінен 361 су нысанын қайта жаңарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыстың 6 ауданында каналдарды қайта құру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде, онда суармалы алаң жоспарланған 69 мың гектардың шамамен 34 мың гектарын құрайды. Суармалы су көлемін ұлғайту үшін жоспарланған 646-дан 103 ұңғыма бұрғыланды. Яғни қалған 300-ден астам ұңғыманы алдағы жылдары бұрғылау қолға алынады. Нәтижесінде, вегетациялық кезеңде суармалы трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті 3 жылда қазіргі 85%-дан 50%-ға дейін төмендету жоспарлануда», - деп түсіндірді өңір әкімі.

Соңғы жаңалықтар