Жамбыл облысында жыл сайын 20-ға жуық әйелге сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдерге жыл сайын өз емханасында тексеруден өту ұсынылады. Осы кезеңде күмән туғызатын өзгерістер анықталса, пациентті тиісті маманға жібереді.

Жамбыл облысында жыл сайы 20-ға жуық әйелге сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылады
Фото: freepik.com

Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының мәліметінше, жыл сайын сүт безі қатерлі ісігінің ерте сатыдағы 15-20 жағдайы анықталады.

Әйел емханаға алғаш жүгінген кезде тексеру кабинетіне баруы керек. Онда сүт бездері де тексеріледі. Егер акушер қандай да бір күмәнді өзгерістерді байқаса, пациент маммологтың немесе басқа бейінді дәрігердің кеңесіне жіберіледі.

Өңірде маммологиялық көмек 20 онкологиялық кабинетте көрсетіледі. Оның 11-і аудандарда, ал тоғызы Тараз қаласында жұмыс істейді.

Облыстық онкология орталығының мамандары емхана дәрігерлеріне диагностикалау мәселелері бойынша көмектеседі. Пациенттің әрі қарайғы тексеруден қаншалықты тез өтетіні алғашқы қарауға байланысты.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстанда 2 100-ден астам әйел сүт безі обырымен есепте тұрғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ Алматыда әйелдер сүт безін қалай тегін тексерте алатынын жазғанбыз.