Жамбыл облысында жол сапасы тексерілді: әр бесінші сынамадан ақау табылды
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы өңірдегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов мәлімдеді.
Бөлінген қаражат есебінен жалпы ұзындығы 464,5 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 62,1 шақырым – облыстық, 48 шақырым – аудандық маңызы бар жолдар, ал 330 шақырымнан астамы – елді мекен көшелері.
– Биыл 182 жобаның 145-і аяқталды, 48-інде жұмыстар жалғасуда. Барлық жобаларды 1 қарашаға дейін толық аяқтау көзделіп отыр, – деді Саурықов.
Оның айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 млрд теңге ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталған. Сонымен қатар, жол сапасы «Жол активтері сапа орталығымен» бірлесіп тексерілуде. 248 инспекциялық шығу барысында 1079 сынама алынып, олардың 21 пайызында сәйкессіздік анықталған.
– Сапасыз материал қолданған және келісімшарт талаптарын бұзған мердігерлерге 3,7 млн теңге айыппұл салынды. Бір мердігер сот шешімімен жосықсыз деп танылды, тағы бірнешеуіне қатысты сот процесі жалғасуда, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Жамбыл облысында медициналық ұйымдар 32,3 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған.