Жамбыл облысында жүз мыңнан астам тұрғын кітап оқу марафонына қосылды
ТАРАЗ.KAZINFORM - Өңірдің оқушылары, педагогтері, студенттері мен отбасылары «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кітап оқып, пікір жазып, бейнерецензиялар түсіріп жатыр. Қатысушылар бірнеше ай ішінде 15 шығарманы оқып, кейін қорытынды сынақтарда білімін тексереді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Облыстық білім басқармасының он айлық мәліметі бойынша, республикалық марафонға 104,7 мыңнан астам жамбылдық қосылған. Жобаның өңірде қалай өтіп жатқаны туралы басқарманың оқу-әдістемелік кабинетінің жетекшісі Шахризада Өсерова айтып берді.
Жамбылдықтар оқыған кітаптары туралы бейнепікір әзірлеуде белсенділік танытып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі қазан айында ұсынған дерекке сәйкес, облыс тұрғындары 1 699 бейнепікір жариялаған. Осы көрсеткіш бойынша өңір Астанамен бірге көшбасшылар қатарына енді.
Қатысушылар шығармадан алған әсерін әлеуметтік желілерде де бөліседі. Қазан айында ел бойынша осындай жарияланымдар саны 20 мыңнан асқан. Жобаны ілгерілету үшін жазушылармен кездесулер, әдеби квиздер ұйымдастыру, шығармалар желісімен қысқа роликтер мен комикстер дайындау ұсынылған.
Марафон қазақ және орыс тілдерінде жеті бағыт бойынша өтеді. Олар 6–10-сынып оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін, педагогтерді, отбасылық командалар мен мемлекеттік қызметшілерді қамтиды. Ал «Кітап оқитын зияткер» бағытына жасына және қызмет саласына қарамастан қатысуға болады.
Әр бағытқа жеке кітап тізімі әзірленген. Оған қазақстандық қаламгерлердің шығармалары, шетел классикасы мен заманауи әдебиет енген. Іріктеу кезінде «100 кітап» жалпыұлттық дауыс беруінің нәтижелері ескеріліп, тізім әлемдік бестселлерлермен және әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы лауреаттарының туындыларымен толықтырылған.
Қатысушы өз бағытына арналған тізімнен 15 кітап оқуы керек. Негізгі оқу кезеңі 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін созылады. Бұл орта есеппен әр 12 күнде бір кітап оқуды білдіреді.
Әр шығарманы аяқтаған соң оқырман reading-nation.kz платформасындағы жеке кабинетінде пікір қалдырады. Мәтін модерациядан өткеннен кейін нәтиже рейтингке енгізіледі. Осылайша қатысушы оқығанын ой елегінен өткізіп, шығарма туралы өз көзқарасын ұсынады.
Оқылғаны расталған әр кітап үшін 250 ұпай беріледі. Оқу кестесін сақтағаны үшін тағы 50, бейнепікір үшін қосымша 50 ұпай қарастырылған. Платформада қатысушылардың белсенділігі тіркеліп, қала, аудан және облыстардың нәтижелерін салыстыруға мүмкіндік бар.
Оқырмандарға аралық жетістіктері үшін арнайы белгілер де беріледі. Бес кітап оқыған қатысушы қола «Талапты оқырман», он кітап оқығаны күміс «Жігерлі оқырман», ал он бес кітапты аяқтағаны алтын «Зерделі оқырман» белгісіне ие болады. Жетістік сертификатын жеке кабинеттен алуға болады.
Ұйымдастырушылар қола белгінің алғашқы иегерлері туралы 19 қарашада хабарлады. Сол уақытқа дейін ел бойынша қатысушылар 1,5 млн-нан астам кітап оқыған. Ең белсенді топ – мектеп оқушылары мен педагогтер. Олар оқыған кітаптар саны миллионнан асқан. Бұл ортақ нәтижеге Жамбыл облысының тұрғындары да үлес қосып отыр.
Жүлде үшін жарыспай, тұрақты кітап оқу әдетін қалыптастырғысы келетіндерге Parasat бағыты ұсынылған. Мұнда да белгіленген тізімнен 15 шығарма оқып, қысқаша пікір жазу және соңында онлайн-тестілеуден өту қажет. Қатысуға мамандығы, тұрғылықты жері немесе азаматтығы бойынша шектеу қойылмайды.
Ал марафонның конкурстық бөлігіне қатысқандарды оқу кезеңінен кейін бірнеше деңгейлі іріктеу күтіп тұр. 2027 жылғы наурыз-сәуірде қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізу жоспарланған. Үміткерлер өз ұйымдары мен елді мекендеріндегі кезеңдерден бастап, өңірлік және республикалық деңгейге дейін бақ сынайды.
Өңірлік кезеңде бірінші орынға 600 мың теңге, екінші орынға 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге сыйақы қарастырылған. Финалға шыққандар дипломдар мен электронды сертификаттар алады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, көпсатылы іріктеу қорытындысында елдің үздік он оқырманы анықталып, әрқайсысына 10 млн теңгеден бас жүлде беріледі.
Республикалық деңгейге шыққанға дейін жоба үш өңірде сыналған. 2025 жылы Қарағанды және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкентте өткен пилоттық марафонға 189 мыңнан астам адам қатысқан.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысының Айдарлы ауылында кітапхана-клуб ашылғанын хабарлаған едік. Кітапхана мен 90 орындық клубты біріктірген ғимарат тұрғындардың кітап оқып, шығармашылықпен айналысуына және мәдени іс-шараларға қатысуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 1 желтоқсаннан бастап Астананың 100 балабақшасында 200 оқырман клубы жұмысын бастайды. «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын отбасы» бағыттарында тәрбиешілер мен ата-аналар бірлесіп кітап оқып, балалардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға атсалысады.