Жамбыл облысындағы науқас өлімі: тергеу жалғасып жатыр
ТАРАЗ. KAZINFORM – Тараз қаласында 39 жастағы ер адамның көз жұмғаны туралы хабарлама әлеуметтік желіде кеңінен тарады.
Туыстарының айтуынша, науқастың өліміне дәрігерлердің госпитализация үшін ақша талап еткені себеп болған.
Аурухана қызметкерлері алдымен науқасқа орын жоқ екенін айтып, госпитализациядан бас тартқан, кейін тек ақылы тексеруден кейін қабылдаған. Алайда ауруханаға түскеннен кейін оның жағдайы күрт нашарлаған.
– Аутопсия кезінде өкпеден шамамен 1,5 литр сұйықтық табылды, ал дәрігерлер бастапқыда аз ғана мөлшерде екенін айтқан еді. Тергеу шамамен бір жылға созылып келеді, – делінген жазбада.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас 3 қаңтар күні Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына «ауыр дәрежелі қоғамдастықтан тыс пневмония» диагнозымен түскен.
– Ауру тарихынан анықталғандай, науқас үйде 10 күннен астам ауырып, ем қабылдамаған. Туыстары мен электронды денсаулық паспорты деректері бойынша ұзақ уақыт бойы алкогольді ішімдік қолданған, соңғы 10 күнде де ішімдік ішкен, – деп мәлім етті ведомство.
Бұл факторлардың салдарынан ер адам құлап, көкірек тұсынан жарақат алып, денесінде көптеген көгерулермен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған ауыр пневмония мен гидроторакс (өкпеқап қуысында сұйықтық жиналу) диагнозын қойған.
– Науқас шұғыл түрде пульмонология бөліміне жатқызылып, барлық қажетті емдеу шаралары мен дәрілерді белгіленген хаттамаға сай алған. Алайда емдеу барысында жағдайы күрт нашарлап, реаниматолог шақырылды. Кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы жүргізілді, – делінген ресми ақпаратта.
Барлық шараларға қарамастан, 6 қаңтар күні пациенттің биологиялық өлімі тіркелген.
Қазір бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
– Тергеу мерзімі екі айды құрайды, қажет болған жағдайда прокуратураның келісімімен үш-төрт айға ұзартылуы мүмкін. Дәрігерге қатысты сараптамалар тағайындалды, қосымша сот-медициналық комиссия өткізу жоспарланып отыр, – деді Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді.
Еске салсақ, Жамбыл облысында медициналық ұйымдар 32,3 млрд теңгені тиімсіз жұмсағаны хабарланды.