Жамбылда 105 педагог конкурссыз жұмысқа қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында білім беру жүйесін сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған бастама өз жемісін беріп жатыр. Атап айтқанда, GPA 3,33-тен жоғары нәтиже көрсеткен жоғары оқу орындары түлектерін конкурстық рәсімдерден өткізбей, тікелей білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау тәжірибесі жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба – білім саласына ынталы жастарды тартуға бағытталған қадамдардың бірі.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, бүгінде осы бастама аясында Жамбыл облысында 105 жас педагог конкурссыз жұмысқа қабылданып, еңбек жолын бастап кетті.
Жоба аясында жас мамандар мектеп ұжымына жылдам бейімделіп, оқу-тәрбие процесіне белсенді араласып жатыр. Олардың қатарында өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жаңашылдыққа ұмтылатын, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат еткен ұстаздар бар.

Аталған жоба жас педагогтердің кәсіби қалыптасуына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, олардың еңбек нарығына тез әрі тиімді кірігуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл тәжірибе өңірдегі білім беру ұйымдарындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі.
Айта кетейік, Қазақстанның 200 мың педагогі ChatGPT Edu жобасына қосылады.
Педагогтерді әлеуметтік жағынан қолдаудың кандай іс-шаралары ескерілген? Мұғалімдерге кандай жеңілдіктер қарастырылған? Бұл сұрақтарға Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.